Адвокаттардың қызмет сапасын тексеретін тәртіптік комиссия құрылмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әділет вице-министрі Жанат Ешмағамбетов Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне адвокаттық қызмет туралы екі заң жобасы туралы анықтама берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Вице-министр «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» және «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бойынша анықтама берді. Заң жобаларын әзірлеудің мақсаты адвокаттық қызметті және заң көмегін көрсету жүйесін кешенді түрде жетілдіру болып табылады. Заң жобаларының негізгі ережелері туралы сөз қозғаған Жанат Ешмағамбетов адвокаттар сапасыз қызмет көрсеткен жағдайда жауапкершілікке тарту механизмін қайта қарау керектігін атап өтті.

«Қазақстанда адвокаттар көрсететін кәсіби қызметтердің сапасын бақылау жоқ. Соңғы 4 жылда түскен 700-ден астам шағым заң көмегін көрсету деңгейінің әлдеқайда жақсарту керектігін көрсетеді. Жыл сайын шағымдар саны артып келеді. 2017 жылы шағымдар 22 пайызға көбейген», - дейді ол.

Вице-министрдің айтуына қарағанда, адвокаттарға түскен шағымдардың көбеюі заң көмегін көрсету сапасының төмендігі мен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін объективті қаралмайтындығын көрсетеді. Шағымдардың басым бөлігі адвокат көмегінің сапасының төмендігі мен адвокаттардың ақысын қайтару мәселелеріне қатысты болып отыр.

«Қалған шағымдар адвокаттардың әрекетсіздігі, сот тыңдауларына келмеуі, істің шешілуін созбалаңға салуы, сондай-ақ, адвокаттар алқасының президиумы қызметіне және ұйымдастырылуына байланысты. Статистикаға сәйкес, соңғы жылдары адвокаттарға қатысты шағымдардың 2/3 бөлігі қанағаттандырусыз қалған», - дейді вице-министр.

Жанат Ешмағамбетов адвокаттардың заңнама талаптарын сақтамауы, клиент алдындағы міндеттерін тиісті деңгейде орындамауы республика адвокатурасының имиджіне жағымсыз залал келтіретінін атап өтті.

«Адвокаттардың кәсіби әдеп нормаларын сақтау, тәртіптік істердің шынайы әрі жан-жақты қаралуын қамтамасыз ету мақсатында екі деңгейлі тәртіптік комиссия құру қарастырылған. Олардың құрамына 6 адвокат, әділет органдары ұсынған 3 қоғам өкілдері және 2 отставкадағы судья кіреді», - дейді Жанат Ешмағамбетов.

Соңғы жаңалықтар