Адвокаттар Бишімбаевты апелляциялық сот отырысына қатыстыруды сұрап отыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 10 жылға сотталған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша апелляциялық сот отырысы өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Апелляциялық сот отырысында Қуандық Бишімбаев пен осы іске қатысты сотталған өзге де адамдардың өтініштері қабылданып жатыр. Өз кезегінде адвокат Сейіт Рахманов өз қорғауындағы Қуандық Бишімбаевты апелляциялық сот отырысына қатыстыруды сұрады.

«Қазіргі уақытта сотқа жаңа дәлелдер мен жауаптар келтірілді. Ол жауаптар компания директоры Смағұловтан алынған. Әбішевтің құжаттары да, бұл дәлелдер де менің қорғауымдағы Бишімбаевтың мүддесіне байланысты эпизодтармен қатысы бар. Осыған байланысты Бишімбаевтың осы сот отырысына қатысуы туралы апелляциялық өтінішті қабылдауыңызды сұраймын», - деді Рахманов.

Адвокат Рахмановтың өтінішін экс-министрдің жұбайы, қоғамдық қорғаушы Назым Бишімбаева да қолдады.

«Құрметті сот! Мен Бишімбаевтың сотқа қатысуына рұқсат етуіңізді сұраймын. Ол өтініш берген. Ол менің қолымда. Мен адвокат Рахмановқа қосыламын» - деді Бишімбаева.

14 наурыз күні Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен осы іске қатысты өзге де сотталушыларға үкім шыққан болатын. Сот үкімімен Қуандық Бишімбаевтің мүлкі тәркіленіп, 10 жылға сотталды. Сонымен бірге, ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. 

Еске сала кетсек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро Бишімбаевті 2017 жылдың 10 қаңтарында ұстаған болатын. Бишімбаев Қызылорда қаласындағы әйнек зауытын салу барысында «Orda Glass» ЖШС-ның ведомстволық бағыныстағы компаниясы мен оның мердігерлік ұйымы «Шымкентхиммонтаж» ЖШС арқылы 1 млрд теңге жымқыру қылмыстық схемасын ұйымдастырды деген айыппен сотталды. 

ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Азамат Базылбеков Қ. Бишімбаев жазасын Астанадағы қауіпсіздігі жоғары бірден-бір мекеме - 166/10 түзеу колониясында өтейтінін мәлім етті.

Оның айтуынша, сотталған бұрынғы министрге ешқандай артықшылықтар берілмейді.

Соңғы жаңалықтар