Әділхан Макиннің вокалдық қабілеті қандай – маман пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы Янис Кайсиди «Славян базарында» бас жүлде алған Әділхан Макиннің вокалдық қабілетіне баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әділхан биыл академияның үшінші курсын аяқтады. Үш жылдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. «Славян базарына»да үлкен жауапкершілікпен дайындалдық. Біздің алдымызда үлкен мақсаттар тұрды және жоғары нәтиже көрсету керек болды. Бас жүлде аламыз деп мүлдем ойламадық. Дегенмен, бар күшімізді салайық дедік. Репертуарды Әділханның өзі таңдады. Себебі вокалист жанына жақын әнді ғана сезіммен айтып, тыңдарманға жеткізеді», - деді Я. Кайсиди елордада тілшілерге берген сұхбатында.

Әділхан Макин байқауда екі әнді - «Озеро надежды» және ағылшын тіліндегі хит «She is gone» шырқады. Сондай-ақ, Абайдың 175 жылдығы қарсаңында эстафетаны жалғастырып, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін шырқаған.

Оқытушы әншінің вокалдық диапазоны 3 октаваға жететінін айтты.

«Ол өте еңбекқор, жұмысқа қабілетті адам. Ән салғанды жақсы көреді. Оның диапазоны үш октаваға жетеді және даусының тембрі жоғары нотада да, төмен нотада да анық, әдемі естіледі. «Славян базарының» қазылар алқасының төрайымы Тамара Гвердцители айтқандай, «Әділхан – әмбебап әнші». Ол өз орындауында эстрада, классика сынды вокалдың түрлі техникасын қолданады. Рок-вокал мен көмейге салу да бар. Біз Әділханның бар мүмкіндігін ашып көрсетуге тырыстық және көрсете алдық деп ойлаймын. Оны Димашпен жайдан-жай салыстырмайды. Екеуі де өнерге өз үлестерін қосуға тырысып жүр», - деді Янис Кайсиди.

Айта кетейік, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Әділхан Макин «Славян базары-2019» халықаралық фестивалінде Гран-приге ие болды.

Бүгін халықаралық байқауларда топ жарған қазақ жастары ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың қабылдауында болды.

Сонымен бірге, Әділхан Макин өзін Димашпен салыстыратындарға жауап берді.

Әділхан Макин 1994 жылы 5 қазанда Петропавл қаласында дүниеге келген. Бала кезінен ән айтып, түрлі байқауларға қатысқан. 2011 жылы астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Актерлік шеберлік» мамандығы бойынша оқи бастады.

2012 жылы «Жас қанат» әншілер байқауының финалисі атанды. 2013 жылы «Шабыт» халықаралық байқауының ІІ орынын иеленген. 2014 жылы «Қазақстан дауысы» ұлттық байқауына қатысқан. 2016 жылы Әділхан Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына «Эстрада вокалы» мамандығына түскен.

Соңғы жаңалықтар