Әділеттілік жоқ қоғам ешқашан дамымайды - Қасым-Жомарт Тоқаев

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің алдында рухани және адамгершілік құндылықтарды одан әрі нығайту міндеті тұрғанын және жаһандық әлемдегі ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалу жолдарын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде бұл мәселелер бойынша жол сілтейтін темірқазық бар. Бұл - Елбасының «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы. Осы қағидаттарды қатаң ұстану арқылы ғана біз жаһандық әлемдегі ұлттық бірегейлігімізді сақтап қаламыз. Ұлтымыздың мәдени кодына сүйенбесек, елімізді одан әрі жаңғырта алмайтынымыз анық»,- деді Мемлекет басшысы.

Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ елді бірлікке шақырып, бірлік болғаны жөн екенін айтты.

«Бірлік бар жерде әрдайым тірлік болады. Мен үшін бұл халық даналығының мәні аса зор. Біз ортақ мақсаттарымызға бірге қол жеткіземіз деп сенемін. Бүгінде бүкіл қоғам өркендеген Қазақстанды одан әрі дамыта түсу идеясын іске асыру үшін жұмылуы керек. Менің Президент ретіндегі негізгі ұстанымым әрі көзқарасым, ең алдымен, сабақтастық, яғни Елбасы саясатын жалғастыру. Сабақтастық жоқ жерде тұрақтылық болмайды. Тек дағдарыс, тіпті жанжал, қақтығыс қана болады. Бұл - бүкіл әлемнің дәлелденген тарихи тәжірибесі»,- деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы екінші ұстанымы әділеттілік екенін айтып өтті.

«Әділет жоқ қоғам ешқашан дамымайды. Тек қана қиыншылық, тауқымет, құлдырау болады. Үшінші ұстанымым - ілгерілеу. Қазақстан бәсекелестікке толы әлемде тек қана алға жылжуды көздейді»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар