Әділетті қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы керек – Мемлекет басшысы

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Біз шын мәнінде еңбекқор ұлт болуға ұмтылуымыз керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысы жұртшылығымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

«Жастарымыз үш нәрсенің айрықша маңызды екенін түсінуі керек. Бұл – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет. Біз құрып жатқан әділетті қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы керек деген ұғымды жастарымызға түсіндіру қажет. Себебі, отаншылдық дегеніміз, ең алдымен, іскерлік, еңбекқорлық.

Құр сөзден ештеңе шықпайды. Азаматтарымыз алдымен отбасын асырап, балаларына қамқор болуы керек. Оларға адал еңбегімен, алғырлығымен нәпақасын тауып беруі қажет.

Біз шын мәнінде еңбекқор ұлт болуға ұмтылуымыз керек. Әлемде еңбексүйгіш халықтар аз емес. Бұл қасиет, тіпті, олардың болмысына сіңіп кеткен. Осы асыл қасиет біздің жұртымызға да тән болуы керек. Өйткені, халқымыздың қарым-қабілеті ешкімнен кем емес. Ұлтымызға қатысты айтылатын кейбір жағымсыз сипаттамалардан біз мүлдем арылуымыз қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент еңбекқорлық – қазіргі заманда бізге аса қажет құндылық деп атап өтіп, осы қағиданы кеңінен дәріптеуіміз керектігін айтты. Мұны Семей төрінде тұрып айтуының да өзіндік себебі барын жеткізді.

«Өйткені, бұл – әрдайым жас ұрпақты жақсылыққа, жаңашылдыққа жетелеген жер. Менің Үндеуім еліміздегі әрбір жастың жүрегіне жетеді деп сенемін. Шын мәнінде, қазір білім мен ғылым салтанат құрған заман. Мұны дәлелдеудің еш қажеті жоқ. Әлемдік экономикада жоғары технологиялық өнімдерді жасап шығаратын компаниялар алға шықты. Бұл – ғылым келешектің бет-бейнесін анықтайды деген сөз. Тың идея мен озық ой кез келген саланы өркендетеді. Өскелең ұрпақ білімге, ғылымға құштар болуы керек. Осыны жан-жақты дәріптеуге мемлекет қана емес, бүкіл қоғам және әрбір азамат атсалысуға тиіс. Өркениетті мемлекетті тек білімді азаматтар ғана қалыптастыра алады. Жуырда Нью-Йоркке сапарымда АҚШ-та жұмыс істеп жүрген жастармен кездестім. Олар білім алуға деген ынта-жігері мен еңбекқорлығының арқасында әлемнің әр түкпірінде табысқа жетіп жүр. Міне, осындай жастарды үлгі тұту қажет», - деді Мемлекет басшысы.


Фото: t.me/bort_01




Соңғы жаңалықтар