Әділетті Қазақстанның мүддесі үшін күресіп жатырмыз – Байтақ партиясы

None
Фото: primeminister.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада елімізде тіркелген партиялардың өкілдері арасында пікірсайыс өтті. Осы орайда «Байтақ» жасылдар партиясынан қатысқан Айнұр Сәбитова сайлауда жеңіске жеткен жағдайда партияның жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз «Байтақ» жасылдар партиясын құрдық. Өйткені біз уәделерді естуден және ірі өнеркәсіптік компаниялардың еліміздің жер қойнауы есебінен қалай байып жатқанын көруден шаршадық. Өнеркәсіптер ауаны ластап жатыр. Балаларымыз осы лас ауамен тыныс алады, сондай-ақ мұндай жағдайдан ата-аналарымыздың да денсаулығы нашарлайды», - деді Айнұр Сәбитова «КТК» арнасында өткен партия өкілдерінің арасындағы пікірсайыста.

Осы орайда ол мұндай залал үшін, онкологиялық аурулар мен басқа да дерттер үшін ешкім өтемақы алмай жатқанын баса айтты.

А. Сәбитованың айтуынша, «Байтақ» партиясының тұғырнамасында денсаулығы мықты, ақылды, білімді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасы қалыптасқан жастардың мүмкіндігімен экономиканы көтеріп, мемлекеттің қуатын арттыруға ерекше мән беріліп отыр.

Сонымен қатар ол салауатты өмір салты еліміздің экономикасына да оңтайлы ықпал ететінін жеткізді.

«Елімізге таза энергия мен таза өнеркәсіп қажет екенін айтқымыз келеді. Біз билік үшін емес, әділетті Қазақстанның мүддесі үшін күресіп жатырмыз. Біз күн сайын азаматтарымыздың, қарапайым халықтың құқығын қорғап келеміз. Егер біз Парламентке кірсек, онда «Байтақ» партиясы тиісті аудит жүргізіп, өнеркәсіптік кешеннің экологияға келтірген зиянына қатысты тәуелсіз зерттеулер жүргіземіз. Біз бұл бағытта тиісті әрекеттер жасап жатырмыз және жоспарымызды жүзеге асырамақпыз», - деді А.Сәбитова.

Айта кетейік, бүгінгі пікірсайысқа «Amanat» партиясынан Айдос Сарым, «Ауыл» халықтық демократиялық партиясынан Жигули Дайрабаев, «Respublica» партиясынан Динара Шүкіжанова, Қазақстан халық партиясынан Ермұхамет Ертісбаев, «Байтақ» жасылдар партиясынан Айнұр Сәбитова, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Дәния Еспаева, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Асхат Рахымжанов қатысып жатыр.


Соңғы жаңалықтар