Әділетті Қазақстанның айнасы: Конституциялық сот қалай жұмыс істейді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өзін демократиялық қоғам санайтын әр мемлекеттің басты міндеті – заң үстемдігін орнату, ел азаматтары құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету. Азаматтық қоғамды қалыптастыруды басты бағыт етіп ұстанған Қазақстан да соңғы жылдары құқық жүйесін жақсарту мақсатында бірқатар реформаны қолға алды. Соның бірі ретінде Конституциялық соттың қайта құрылуын атап өтуге болады. Былтырғы 16 наурыздағы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық сот құруды ұсынған еді. Осылайша, бұл мәселе жан-жақты зерттеліп, биылғы 1 қаңтардан бастап аталған сот өз жұмысын бастады.

Жалпы егемендік алған алғашқы жылдары, яғни 1993-1995 жылдар аралығында елімізде мұндай орган жұмыс істеді. Кейіннен оның орнын Конституциялық кеңес басқан болатын. Алайда ел президентінің құқық саласына жасаған реформалары нәтижесінде аталған кеңес жойылып, Конституциялық сот қайта құрылды.

Ендеше, жаңадан құрылған Конституциялық соттың жұмыс істеу механизмі қандай? Оның басты ерекшелігі неде, мақсат-міндеттері қандай? Соттың құрамына кімдер кіреді? Сонымен бірге Конституциялық сотқа кім және қалай шағымдана алады? Осы сауалдарға жауап беру үшін материал дайындауды жөн санадық.

Қазіргі таңда әлемнің 70-тен астам елінде Конституциялық сот бар. Атап айтсақ, Еуропа, Латын Америкасы және ТМД елдерінде кең таралған. Оған кез келген адам өз сауалын жолдап, жауап ала алады. Ал бізде бұған дейін жұмыс істеген Конституциялық кеңес азаматтардың шағымдарын қабылдай алмайтын еді. Сондықтан да Мемлекет басшысы Ата заң ережелерінің мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету үшін елімізде де Конституциялық сот жұмыс істеуі керек деп есептейді.

«Қазақстандағы түрлі құқық нормаларын Конституциялық кеңес түсіндіреді. Бірақ азаматтар осындай түсініктеме алу үшін бұл органға тікелей жүгіне алмайды. Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндай орган Қазақстанда болған. Сарапшылар Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды. Соны ескере отырып, мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын», - деді Мемлекет басшысы 16 наурыздағы Жолдауында.

Фото: akorda.kz

Елімізде былтырғы 5 маусымда өткен жалпыхалықтық референдумда Конституцияға өзгерістер мен түзетулер енгізілді. Конституциялық соттың құрылуы да сол кездегі түзетулердің бір бөлігі болды. Кейін өткен жылдың 5 қарашасында Мемлекет басшысы Конституциялық сот туралы заңға қол қойды.

Аталған заң жобасы 3 бөлімнен, 10 тараудан және 67 баптан тұрады. Оны мазмұны бойынша екі бөлімге бөлуге болады. Біріншісі – Конституциялық соттың және оның судьяларының мәртебесі, олардың кепілдіктермен қамтамасыз етілуі. Ал екінші бөлім конституциялық іс жүргізу тәртібіне арналып отыр.

Конституциялық соттың құрамында кімдер бар?

Конституциялық сот – еліміздің бүкіл аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін орган. Ол биліктің сот тармағына жатпайды, өйткені бұл мәселе Конституцияда түпкілікті шешілген. Заңда Конституциялық сот судьяларын тағайындау және олардың өкілеттіктерін тоқтату тәртібіне байланысты мәселелер егжей-тегжейлі көрсетілген. Сонымен қоса олардың тәуелсіздігі мен кепілдіктері де бекітілген. Конституциялық соттың құрамына тоқталсақ, оның төрағасы мен орынбасарын қоса алғанда, 11 судьядан тұрады. Конституциялық соттың төрағасын лауазымға ҚР Президенті ҚР Парламенті Сенатының келісімімен тағайындайды. Ал Конституциялық сот төрағасының орынбасарын Конституциялық сот төрағасының ұсынуымен Конституциялық сот судьяларының арасынан Мемлекет басшысы тағайындайды. Конституциялық соттың төрт судьясын ҚР Президенті лауазымға тағайындайды, Конституциялық Соттың үш-үш судьясын ҚР Парламенті Палаталары төрағаларының ұсынуымен ҚР Парламентінің Сенаты мен Мәжілісі тағайындайды.

Бүгінде Конституциялық соттың төрағасы мен орынбасары, сонымен бірге судьяларының кім екені белгілі болды. Олардың көпшілігі өткен жылдың соңында тағайындалды. Осыдан бірер күн бұрын ғана ант қабылдады.

Соттың құрамына тоқталатын болсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Эльвира Әбілхасымқызы Азимова ҚР Конституциялық Сотының Төрағасы лауазымына тағайындалды. Ол 2019 жылдың қыркүйек айынан осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарды. Азимова өз қызметіне биылғы 1 қаңтардан бастап кірісті.

Сонымен қоса Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлықтарымен Конституциялық Соттың бірқатар судьясы тағайындалды. Олардың қатарында Қайрат Жақыпбаев, Айжан Жатқанбаева, Бақыт Нұрмұханов және Роман Подопригора бар.

Фото: gov.kz

Жоғарыда атап өткеніміздей, Конституцияға сәйкес, Парламенттің әр палатасы Конституциялық соттың үш судьясын қызметке тағайындайды. Осы орайда ҚР Парламенті Сенаты Конституциялық Соттың судьялары қызметіне Ерлан Сәрсембаевты, Асан Ескендіровті және Айгүл Қыдырбаеваны тағайындаса, ҚР Парламенті Мәжілісі ҚР Конституциялық Сотының судьясы лауазымына Қанат Мусинді, Еркін Оңғарбаевты және Сергей Ударцевті тағайындады.

Еске салайық, тағайындалған судьялардың барлығы биылғы 1 қаңтардан бастап жұмысқа кірісті.

Кейін 4 қаңтар күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басынан қызметін бастаған Конституциялық соттың жаңа әкімшілік ғимаратына барып, тағайындалған судьялармен кездесті. Мемлекет басшысы кездесу барысында қоғам Конституциялық соттың қызметінен оң өзгерістер күтіп отырғанын, сонымен бірге қазылардың өз міндетін адал атқаруы халықтың, БАҚ пен халықаралық құрылымдардың жіті назарында болатынын еске салып өтті. Сондай-ақ жаңа әрі әділетті Қазақстанның басты қағидаты – әділдік екеніне назар аударып, қазылардың осы маңызды міндетті абыроймен атқаратынына сенім білдірді.

Фото: akorda.kz

Конституциялық сот қалай жұмыс істейді?

Жалпы Конституциялық соттың құзыретіне сайлауды өткізудің дұрыстығы мен Парламент қабылдаған заңдар мен халықаралық шарттардың республика Конституциясына сәйкестігін қарау, сондай-ақ Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру құзыреті кіреді. Сонымен бірге Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Конституциялық сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қарайтын болады. Сондай-ақ Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге берілген.

Біз жоғарыда атап өткендей, Конституциялық соттың басты ерекшелігі – азаматтардың өтініштері мен шағымын қабылдауы. Оның өтініштерді қарау тәртібіне тоқталсақ, ол бес кезеңнен тұрады. Олар:

- Конституциялық сот аппаратының өтініштерді алдын ала қарауы;

- конституциялық іс жүргізуге өтінішті қабылдау;

- отырысқа дайындық кезеңі;

- өтінішті қарау бойынша отырыс өткізу;

- соңғы кезең – өтініш бойынша түпкілікті шешім қабылдау.

Енді Конституциялық сотқа жүгінетін азаматтарға қойылатын талаптарға назар аударайық. «ҚР Конституциялық соты туралы» Заңында көрсетілгендей, біріншіден, азаматтар нақты құқықтық-нормативтік актілер бойынша сот органдарына бұған дейін жүгінген болуы тиіс, яғни апелляциялық деңгейге жеткен, сот шешімі шығарылған болуы керек. Егер қарауға келген іс бойынша Жоғарғы соттың нормативтік қаулысы болып, алайда олардың басқа сот органдарына жүгінуге мүмкіндігі болмаған жағдайда азаматтар Конституциялық сотқа тікелей жүгіне алады. Талап етілетін құжаттар «ҚР Конституциялық соты туралы» Заңында жазылған.

Сонымен бірге азаматтар құқықтық-нормативтік актілердің ішінде нақты келіспейтін бөлігін көрсетіп, өздерінің оған қатысты пайымын беріп, оның Конституцияның қандай баптарына қарама-қайшы екенін көрсетуі тиіс.

Жалпы Конституциялық сотқа жүгінген азаматтың шағымы түскен күннен бастап 3 ай ішінде қаралатын болады. Алдымен сот аппараты азаматтың құжаттары мен оның келіспеген шешімін тексеріп, тіркеуге алады. Шағым түскен соң, әрі қарай Конституциялық соттың аппараты тиісті тексеріс жүргізеді. Шағым тіркелген жағдайда істі алдын ала қарау белігіленетін болады.

Сарапшылар не дейді?

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің жетекші ғылыми қызметкері Мұхит Асанбаев қазіргі Конституциялық сот бұрын 1995 жылға дейін жұмыс істеген Конституциялық соттың қателіктерін қайталамай, жұмыс істеу механизмін жеңілдету керегін атап өтті.

«1995 жылы таратылған Конституциялық сотпен салыстырғанда, қазіргі сот органы ұйымдастырушылық жұмыс процесін жеңілдету қажет екенін ескеруі керек. Сот жұмысындағы реформалар елде болып жатқан қоғамдық-саяси өзгерістер жағдайында ғана емес, біздің қоғам, билік және мемлекет соңғы кезде бетпе-бет келген әлеуметтік-экономикалық қиындықтар аясында да жүріп жатқанын атап өткен жөн. Қоғамдағы азаматтардың конституциялық құқықтары мен міндеттеріне қол сұғылмау керек деген принцип жалпыадамзаттық құндылық екенін нақты түсінгендіктен Конституциялық сотты қайта құру жөнінде шешім қабылданды деп ойлаймын. Әділдік, заңдылық пен тәртіп ұғымдары мемлекет пен қоғамға, бір сөзбен айтқанда, барлық институттарға бірдей қолданылады деп сенгім келеді»,-деді ол.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері Әмина Үрпекова Мемлекет басшысының «ҚР Конституциялық соты туралы», «ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы», «Прокуратура туралы» заңдарға қол қоюы заңның үстемдігін одан әрі нығайтуға бағытталғанын атап өтті.

«Қабылданған заңдар азаматтарды кез келген заңсыздықтан, құқықтарының бұзылуынан қорғау мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді. Мәселен, халық Конституциялық сотқа өз өтінішін айтып, тікелей жүгіну құқығына ие болды. Сонымен қоса азаматтардың құқықтары мен мүдделерін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және Бас прокурор сияқты институттар да қорғайды»,-деді сарапшы.

Бұдан бөлек ол Конституциялық соттағы судьяларды іріктеу кезінде де олардың жұмыс тәжірибесіне, кәсібилігіне баса мән берілетініне тоқталып өтті. «Конституциялық соттың және оның судьяларының бейтараптығын қамтамасыз ету үшін заңда мінсіз бедел бойынша міндетті шарттар, судьялыққа кандидаттарды іріктеу кезінде заңгерлік кәсіби қызметте 15 жылдық жұмыс өтілі болуы талап етіледі, сондай-ақ олар 8 жылға ғана тағайындалады. Конституциялық сотты құру және оны қазақстандық саяси жүйеге енгізу биліктің үш тармағының өзара қарым-қатынасында тепе-теңдік жүйесін құруда маңызды қадам екенін атап өткім келеді»,-деді Әмина Үрпекова.

Бұдан бөлек ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов та елімізде Конституциялық соттың қайта құрылуы құқық саласындағы ең сәтті қадам екенін тілге тиек етті. «Азаматтар өздерінің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын Жоғарғы сотта өз бетінше немесе Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің көмегімен қорғай алады. Бұған дейін (1993-1995 жылдары) Қазақстанда конституциялық сот болған, бірақ өзінің миссиясын толық жүзеге асырып үлгерген жоқ. Қазір кез келген демократиялық мемлекеттің институттарына жаңа серпін беріліп жатыр. Осындай маңызды құқық қорғау институттарының конституциялық мәртебесін бекіту Әділетті Қазақстан құрудың құқықтық негізіне айналарына сенімдімін», - деді институт басшысы.

Конституциялық сот алғашқы өтінішін қарады

9 қаңтар күні ҚР Парламентінің бір топ депутаты Конституциялық сотқа ҚР Конституциясының 62-бабының 4-тармағын ресми түсіндіру туралы өтініш жасады. Бұл аталған соттың жұмысы басталғалы бері Конституциялық сотқа жіберілген алғашқы өтініш болып отыр.

«Конституциялық сот Қазақстан Республикасы Парламентінің бір топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясының 62-бабының 4-тармағын ресми түсіндіру туралы өтінішін конституциялық іс жүргізуге қабылдады», - делінген Конституциялық соттың ресми сайтында жарияланған ақпаратта.

Кеше, яғни 10 қаңтар күні Конституциялық сот Конституцияның 62-бабының 4-тармағын ресми түсіндіру туралы № 2 нормативтік қаулысын шығарды. Оған сәйкес, Ата заңнан ҚР Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігін реттейтін нормаларды алып тастауға байланысты «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күші жойылды деп тануға бола ма деген сұраққа жауап берді.

Мамандар елімізде Конституциялық сот жұмысының қайта жандануы, оған азаматтардың тікелей шағымдана алуы сот жүйесін, азаматтық қоғам мен құқық саласын дамытуға айтарлықтай серпін беретінін айтып отыр. Өйткені өркениетті, демократиялық бағытты ұстанатын әлем елдерінде де осындай Конституциялық сот жұмыс істеп тұр. Сондықтан да Әділетті Қазақстанда әділдік орнап, ел азаматтарының құқығы заң жүзінде қорғалуы одан әрі күшейетініне сенейік.


Соңғы жаңалықтар