Әділетті Қазақстанда полицейлердің озбырлығына, біліксіз прокурорлар мен біржақты судьяларға жол берілмейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еліміздің экономикалық ресурстарын шағын ғана топтың қолына шоғырландырып, оларға артықшылық берген заңнаманы қайта қарау қажет. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің экономикалық ресурстарын шағын ғана топтың қолына шоғырландырып, оларға артықшылық берген заңнаманы қайта қарау қажет. Елден жылыстатылған қаржыны және заңсыз жекешелендірілген активтерді мемлекеттің иелігіне қайтару жөнінде Мекемеаралық комиссия құрылды. Бұл үшін мен арнайы Жарлыққа қол қойдым», - деді Мемлекет басшысы отандық телеарналар арқылы Қазақстан халқына арнаған үндеуінде.

ҚР Президенті адам құқығы мен бостандығын қорғау жүйесін кешенді түрде күшейтуге негізделген бағдар жалғаса беретіндігін баса айтты.

«Құқықтық реформа аясында Конституциялық сот қайта құрылады. Оның қаулыларына жедел әрекет ету тетігін енгізу қажет. Сонда азаматтарымыз осы аса маңызды институт қызметінің пайдасын сезіне алады. Жаңа, Әділетті Қазақстанда полицейлердің озбырлығына, біліксіз прокурорлар мен біржақты судьяларға жол берілмейді. Қоғам құқық қорғау және сот жүйесінің шын мәнінде өзгергенін қалайды. Мен елімізді дамытудың осы және басқа да мәселелері бойынша нақты шешімдерді қыркүйек айында өтетін Парламенттің кезекті сессиясының ашылуында айтамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар