Әділетті Қазақстанда еңбек адамы ең бірінші орында тұрады - Мемлекет басшысы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әділетті Қазақстанда еңбек адамы ең бірінші орында тұрады. Себебі, отаншылдық – ең алдымен туған еліңің игілігі үшін қызмет ету деген сөз. Павлодар облысына жұмыс сапары аясында 85 жылдық тарихы бар Абай атындағы дарынды балаларға арналған гимназияда Президент осылай ой бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

«Мұғалім болу – ең абыройлы еңбек. Сонымен бірге, бұл – өте жауапты жұмыс. Ұстаздық – қасиетті қызмет десек те артық емес. Себебі, әр шәкірттің тұлға болып қалыптасуында ұстаздың орны ерекше.

Жастарымыздың отаншыл, әділ, адал және еңбекқор болып өсуіне ұстаздың қосатын үлесі орасан зор. Біз жастардың еңбекке құлшынысын арттыруымыз қажет. Әділетті Қазақстанда еңбек адамы ең бірінші орында тұрады. Себебі, отаншылдық, ең алдымен туған еліңің игілігі үшін қызмет ету деген сөз. Ол үшін, әрине еңбекқор, іскер болу керек. Әркім өз болашағына өзі жауапты екенін жастар бала кезден терең ұғынып өсуге тиіс. Бұл идеялардың бәрін балалардың санасына міндетті түрде сіңіру керек. Ұлы Абай айтқан «Толық адам» ұғымы – болмысы кемел, көзқарасы терең, көкірегі ояу, еңбекқор адам дегенді білдіреді. Халқымыз «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» бекер айтпаған», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Павлодар облысы ұлттың қайта өрлеу орталықтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандық көптеген танымал ғалым осы өңірде өскен және қазіргі педагогтер аға буынның ізін жалғап келеді.

Мектеп директоры Салтанат Шабажанова Қасым-Жомарт Тоқаевқа оқу орнының терең тарихы туралы ақпарат беріп, гимназияның жаңартылған кабинеттерін көрсетті.

Оқушылар мектеп кітапханасында Мемлекет басшысына Рамазан Тоқтаровтың шығармашылығы бойынша «Оқуға құштар мектеп» жобасын таныстырып, жазушының «Ертіс мұхитқа құяды» атты кітабын сыйға тартты.

Содан кейін Президент республикалық және халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған Павлодар облысының педагогтерімен әңгімелесті. Қасым-Жомарт Тоқаев оларды Дүниежүзілік Ұстаз күнімен және қазақстандық педагогтердің өткен кәсіби мерекесімен, ал гимназия ұжымын мерейтойымен құттықтады.

Мемлекет басшысы Черчилльдің «Мұғалімдерде мемлекет басшылары армандайтын билік бар» деген сөзін тілге тиек етіп, мектептерде жеке адамның да, тұтас мемлекеттердің де шынайы бәсекелестік негізі қаланатынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық және жеке құндылықтар жүйесін қайта жаңғырту керек екенін айтты. Президенттің айтуынша, біз ұлттық дәстүрлерімізді сақтай отырып, қоғамда прогрессивті ұғымдарды белсенді дәріптеуіміз қажет. Бұл – еңбекқорлық, білім культі, өзара сыйластық, ынтымақтастық, сенім, іскерлік, ұқыптылық, сыни ойлау сынды қасиеттер.

Президент ұлттың жаңа қарым-қабілеттерін қалыптастыруда және Әділетті Қазақстанды құруда мұғалімдер шешуші рөл атқаратынына сенім білдірді.

Павлодар облысының педагогтер қауымының атынан №8 орта мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ирина Шевченко және Мұзафар Әлімбаев атындағы орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі Бақытхан Оразбек сөз сөйледі.



Соңғы жаңалықтар