Әділетті әлеуметтік саясат: Ақтөбеде 20 мектеп салынуда

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде соңғы үш жылда білім беру саласына бөлінген қаржы көлемі 21 миллиард теңгеге артты. Биыл салынып жатқан 20 білім ордасының ғимараты 11 үш ауысымды, 2 апатты және 7 ескі мектеп мәселесін шешуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев «Әділетті әлеуметтік саясат» бағытында білім мен денсаулық сақтау саласына баса назар аударған. Мәселен, Ақтөбе облысында 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту 98,8 пайызға жетті. Ал 20 мектеп құрылысы 11 үш ауысымды, 2 апатты және 7 ескі мектеп мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

«2019-2020 оқу жылында 3000 орындық 13 мектепті қолданысқа беру жоспарланып отыр. Жалпы білім беретін мектептер түгел кең жолақты, оның ішінде 93,3%- жылдамдығы 4 мбит және одан жоғары интернет жүйесіне қосылған. Барлығы 71 балабақшада және 241 жалпы білім беретін мектептерде инклюзивтік білім беруге жағдай жасалған», - деп хабарлады облыстық білім басқармасы.

Президенттің «Әділетті әлеуметтік саясат» бағытында денсаулық сақтау саласын дамытуға тапсырма берілген. Биыл бес айда «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының 42 индикаторының 39 орындалды.

«Облыстың жалпы демографиялық ахуалы тұрақты. Халық саны бүгінгі күні 870 359 тұрғынды құрап отыр. Өткен жылмен салыстырғанда халық саны 1,4% өсті. Жалпы 5 айда облыс тұрғындарына 1 990 052 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 74 % электронды түрде өтті», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Айта кетейік, ауыл тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру мақсатында биыл 19 нысанды іске қосылуы жоспарланды. Оның оны дәрігерлік амбулатория, бесеуі медпункт, төртеуі акушерлік - фельдшерлік пункт. 2018 жылдан бастап облыстың барлық шалғай аудандарына тәжірибелі онколог, кардиолог мамандары жіберіліп жатыр. Биыл бес айда онко, кардиодесант дәрігерлеріне 1700 ауыл тұрғыны қаралып, 321 адамнан дерт анықталды.

«Жыл сайын барлық шалғай ауылдарға жылжымалы медициналық кешен жіберіледі. Құрамында гинеколог, онколог, хирург, офтальмолог, травматолог, терапевт, педиатр мамандар және УДЗ, лабораторлық зерттеулер бар. «Стомкар» жылжымалы стоматологиялық құрылғысы ауыл тұрғындарының тісін емдеуге мүмкіндік береді. Қазір облыста бірқатар әлеуметтік маңызы зор нысанның құрылысы жалғасуда. «Check-up» орталығы Сеул ұлттық университетімен бірлесе отырып салынады. Құны - 6,7 млрд теңге. «General Electric» американдық компаниясымен бірлесіп құны 7,5 млрд теңге болатын позитронды-эмиссиондық томография орталығы ашылады. Германия және Словакия мамандарымен бірге балаларға арналған онкогематологиялық орталығы, облыстық перинатальдік орталығы бой көтереді», - деді Әсет Қалиев.

Ақтөбе агромирациянсы орай жаңа аудандар бой көтеріп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен Ақтөбе қаласы тұрғындарына медициналық көмектің «бір қадамдық қолжетімділік» қағидасын жүзеге асыру көзделіп отыр. Ол үшін көп қабатты үйлердің бірінші қабатынан шағын емханалар ашу жоспарланды. Қазір денсаулық сақтау басқармасы қала әкіміне өз ұсынысын берді.

Соңғы жаңалықтар