Әділетті әлем, қауіпсіз орта: G-Global - академиялық орталықтар әлеуетін біріктірді
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев конференцияға қатысушыларға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді. Мемлекет басшысының үндеуінде G-Global жобасы аймақтық және халықаралық ауқымда табысты жүзеге асырылып келе жатқаны, дарынды жас адамдардың және қоғамдық ұйымдар мен бизнес құрылымдардың қуатты интеллектуалдық әлеуетіне ие екені атап өтілді. «Пікірсайыстың халықаралық тұрпаты тиімді басқару жолдарының қанат жаюы үшін G-Global-ды адамдардың, ресурстар мен қоршаған ортаның арасындағы өзара қарым-қатынастарда үйлесімді және қарқынды теңдікке қол жеткізушіге айналдырады», - делінген Н.Назарбаевтың құттықтау сөзінде.
Академиялық ықпалдастық пен ғаламдық хабтың атынан ұйымдастырылып отырған бұл конференцияның маңыздылығын атап өте келіп, Қ.Тоқаев өз сөзінде әлемдік дамудағы жаңа парадигманы әзірлеу қажеттігін қазіргі замандағы қатерлер айқындап отырғанына тоқталды. Қазақстан осы мәселелерді шешуге өз үлесін қосатын болады. Конференция адамзаттың жаһандық үнқатуларын шешуге бағытталған жаңа парадигманы жасау мен жүзеге асыру жөніндегі көрнекті шетелдік және отандық сарапшылар, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, ақыл-ой иелері үшін ерекше әлемдік диалогтық алаң болып табылады. Алматы кездесуінің басты ерекшелігі - аталған тақырып тұңғыш рет «G-Global» платформасында - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бастама етіп көтерген жаһандық диалог алаңында талқыланып отыр. «Президент Нұрсұлтан Назарбаев әділетті және қауіпсіз әлем тәртібін қалыптастыру мақсатында әлемдік қоғамдастықты біріктіруге күш салуға бағытталған G-Global бастамасын көтерді. Бұл бастама жаһандық мәселелерді талқылаудың қағидатты түрдегі жаңа түрін қарастырады», - деді Сенат Төрағасы. Халықаралық қатынастарда тең құқықтылық пен өзара құрмет қағидалары үстемдік құруы тиіс. Осы ретте Қазақстан қырғи-қабақ соғыстың таптаурын көзқарастарын еңсере отырып, өзара сенімді жаһандық тұрғыдағы іс-қимылдың негізі ретінде нығайта отырып, әлемдік экономиканы дағдарыстар мен рецессияның шырмауығынан шығаруға болады деген пікірді ұстанады. G-Global бастамасында көзделген ХХІ ғасырдағы әлемдік тәртіптің негізгі қағидалары көпполярлы әлемдегі біріккен берік іргетас болады. Адамның орнықты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті өзгерістер туралы өз ойларын ортаға салған Қ.Тоқаев жаңа парадигма туралы он тұжырымын ұсынды. Олар: Бірінші. Экономикалық қызметтің мән-мағынасындағы басымдықтар нақтылауды талап етіледі. Экономиканы дамытудың түпкі мақсаты - адамдар өмірінің сапасына қатысты: ғылымды дамыту, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет мәселелерін шешу.
Екінші. Орнықты дамудың жаңа парадигмасындағы маңызды мәселе экологиялық мәселелерді қайта бағалау болып табылады. Қоршаған ортаны сақтау және қайта түлету - өркениеттің орнықты дамуының міндетті шарты. Үшінші. Орнықты дамуды қамтамасыз етуде адам капиталының ерекше рөлі бар. Оған байланысты БҰҰ-ның «Мыңжылдықты дамыту мақсаттары» бағдарламасы және оны 2015 жылдан кейін іске асыру ерекше маңызға ие. Төртінші. Адам дамуының жаңа тұжырымдамасы жаһандық ауқымдағы әлеуметтік теңдікті теңестіру жолымен бұл жағдайды еңсеру жөніндегі шараларды қарастыруы тиіс. Бесінші. Даму жолындағы, кедей елдер өзіне ерекше назар аударуды талап етеді, олар экономикалық реформаларды жүзеге асырады және саяси институттарды трансформациялай отырып, орнықты даму жолына шығуға күш салуда. Алтыншы. Жаңа әлем тәртібі тұжырымдамасында әлемдік өркениет үшін әр мәдениеттің теңдей құндылығында алуан мәдениет шоғыры қағидалары көрініс табады. Жетінші. Адамдарды, экономиканы және мемлекетті бір біріне қарсы қоятын жаппай бәсекелестік парадигмасын қайта ойластыру қажет. Бұл жерде тең құқықтылық, өзара құрмет және ортақ игілік үшін бірлескен еңбек тұрғысында өзара тиімді ынтымақтастық назарға алынуы тиіс. Сегізінші. Орнықты даму парадигмасы қауіпсіздіктің қазіргі және келешектегі қатерлерін ескере отырып, жаңа әлемдік тәртіп қалыптастыруды көздеуі тиіс. Тоғызыншы. Қауіпсіздіктің жаңа парадигмасы: терроризм және экстремизмнің жолын қалай кесу керек, өркениет айырмалары туындау қаупін қалай алдын алу керек, әлемдік саясаттағы жанжалдардың әлеуетін азайту сауалдарына жауап беруі тиіс. Оныншы. Орнықты даму демократия негізінде ішкі саяси тұрақтылықты көрсетеді, бірақ оны сырттан әкелмей, тарихи тәжірибені, елдің мәдени дәстүрлерін ескеру маңызды. Қарашаның 5-7-сі аралығында өтіп жатқан Алматы конференциясы дамудың жаңа парадигмасын іздеу мен осы заманғы әлемдік құрылымды жетілдіруді терең зерттеу мен талқылау үшін кең ауқымды қамтитын қоғамдастықтар мен ғылыми-ағарту бірлестіктер өкілдерінің басын қосты. Белгілі шетелдік және отандық сарапшылар, ірі мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлер, әлемге әйгілі ғалымдар білім беру реформаларын, ғылымның әлеуметтік жауапкершілігін, экономика мен экологияның ықпалдастығын, жұмыспен қамтуды, заң үстемдігін, қауіпсіздік мәселелерін талқылауда. Сөйтіп, көптеген халықаралық ғылыми және білім беру ұйымдары тығыз ынтымақтастықта қалыптасып отырған жағдайдан шығар жолды табуға күш салады. Форум аясында WAAS пен әлем университеттері консорциумының президенті Эйтор Гургулино де Соуздың, WAAS-тың бас атқарушы директоры Гарри Джейкобстың, Рим клубының вице-президенті Роберто Печчеидің, Бүкіләлемдік өнер және ғылым академиясының құрметті президенті Иво Шлаустың, Халықаралық Жасыл Айқыштың президенті Александр Лихотальдың, Адамды зерттеу институтының президенті Альберто Зукконидің, «Өзгерістер әріптестігі» халықаралық ұйымының төрағасы Ингрид Стейнждің қатысуымен баспасөз мәслихаты болып өтті. БАҚ өкілдерімен жүздескен спикерлер тұрақты даму жөніндегі ағартушылық-зерттеу бағдарламаларын және ақпаратты, идеологияны таратушы орталықтар дәл осы университеттер болуға тиіс екендігін ерекше атап көрсетті. Тұрақты даму үшін қоғамға экология, қоршаған ортаны қорғау, қуат үнемдеу салаларында кәсіпқой мамандар қажет. Адамзатқа ортақ мәселелерді шешу ісінде, диалог жүргізуде және тәжірибе алмасуда әртүрлі елдердің академиялық бірлестіктері күштерін біріктіріп, табысты түрде ынтымақтастық орнатуға тиіс. Бұл бағыттағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әрекеті үлгі етуге тұрарлық.