Әділет министрлігіне саяси партия құру туралы 5 өтініш түскен

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар аясында партиялық алаңдағы танымал қайраткерлер мен топтардың белсенділігі артты. Тек соңғы үш айдың ішінде ғана 3 жаңа саяси партияның құрылатындығы белгілі болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олар Қазақстан Құрылысшылары одағының - «Еңбек», танымал саяси қайраткер әрі бизнесмен Болат Әбіловтің - Bizdin Tandau және ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің - «Қазақстан халық конгресі» партиялары.

Осы жайтқа орай «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі аталған және өзге де құжат ұсынған партияларды тіркеу қай кезеңде тұрғанын білу үшін ҚР Әділет министрлігіне сауал жолдаған болатын.

«Қазақстанның халық конгресі», «Bizdin Tandau» және «Еңбек» партияларын құратын бастамашы топ тіркеуші органға жүгінген жоқ», - деп жауап берді Әділет министрлігінен.

Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта «Халық дербестігі» республикалық саяси партиясын тіркеу туралы құжаттар қаралып отыр. Бүгінде саяси партияны құруға қолдау білдірген азаматтар тізімінің дұрыстығы тексеріліп жатыр.

Жалпы, жыл басынан бері Әділет министрлігіне 5 бастамашы топ Namys, ЕL Тiregi; «Алға Қазақстан», «Жанашыр» саяси және «Байтақ» экологиялық партияларын құру үшін жүгінген. Бірақ, аталған хабарландырулар растаусыз кері қайтарылған. Өйткені, бастамашы топ ұсынған тізім «Саяси партиялар туралы» ҚР Заңының 6 және 8-баптары талаптарына сай келмейді.

«Осы жауаппен келіспеген жағдайда Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 91-бабымен шағымдануға болады», - деп атап өтеді Әділет министрлігі.


Соңғы жаңалықтар