Әділет министрлігі Ұлттық қор активтерінің бұғатталуы туралы мәліметті жоққа шығарды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Әділет министрлігі Ұлттық қор активтерінің кезекті рет бұғатталғаны туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ақпаратты жоққа шығарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2018 жылғы 19 маусымда Англияның апелляциялық соты BNYM мен ҚР Ұлттық банкі арасында жасалған кастодиандық келісім ережелері бойынша Bank of New York Mellon (BNYM) міндеттемелеріне қатысты істе шешім шығарды. Англияның апелляциялық соты белгиялық сот шешімінің негізінде BNYM-ның Англия аумағындағы активтерді бұғаттау құқығы туралы оқшауландырылған заңды мәселені ғана қарады. Бұл ретте Ұлттық қордың 21,5 млрд АҚШ долларына жуық сомадағы активтері Брюссельдегі бірінші сатыдағы соттың 2018 жылғы 25 мамырдағы шешімі бойынша босатылған болатын. Барлық қаржы басқа кастодиан-банктердегі шоттарға аударылды», - деп атап өтілген Әділет министрлігінің ресми хабарламасында.

Атап өтілгендей, Қазақстан Республикасы мен Ұлттық банк 530 млн АҚШ доллары көлеміндегі қаражатты босату үшін ағымдағы жылғы 28 мамырда Англияның коммерциялық сотында жаңа процеске бастама жасады.

«Аталған сот процестері Статидің төрелік шешім бойынша төлемдерінің мәселесін қозғамайды, тек қана қамтамасыз ету шараларына - активтерді бұғаттауға қатысты екенін атап өткен жөн.  Әділет министрлігі журналистерді расталмаған мәліметтерді жарияламастан бұрын,  жағдайды түсіндіру үшін уәкілетті органға жүгінуге шақырады», - делінген ведомство мәліметінде.

Соңғы жаңалықтар