Әділет министрлігі тағы екі партияны тіркеуді қарастырып жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 8 ақпанға дейін тіркелген партиялар Мәділіс пен мәслихат сайлауына қатыса алады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні жеті партия тіркелген. Егер 8 ақпанға дейін тағы да қосымша партиялар тіркелсе, олардың құжаттары заңға сәйкес келетін болса, олар да сайлауға қатыса алады», - деп жауап берді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов тілші сауалына.

Сонымен бірге, Әділет вице министрі Алма Мұқанованың айтуынша, тағы екі саяси партияға тиісті растама құжаттары берілді.

«Екі саяси партияға тиісті растау берілді, олар: «Ел тағдыры», «Ұрпақтар жалғастығы» партиялары. Ендігі келесі кезең – съезд өткізу. Сондықтан олардың жеделдігіне байланысты, егер 8 ақпанға дейін тіркеліп үлгерсе, тиісті шешім қабылданады», - деді Әділет вице-министрі.

Айта кетейік, 19 наурызда Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысуға 7 партия жіберілді.

Бірақ «Байтақ» саяси партиясы тиісті құрылымдық бөлімшелерінің болмауына байланысты, тек Атырау, Қарағанды және Қызылорда облыстарында мәслихат депутатын сайлауға қатыса алады. Respublica партиясы тиісті құрылымдық бөлімшелердің болмауына байланысты мәслихат сайлауына жіберілмеді.

Сондай-ақ бүгін Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына үміткерлер төлеуі тиіс жарнаны бекітті.


Соңғы жаңалықтар