Әділет министрлігі сотталғандарға рақымшылық жасауға қатысты бастама жасап отыр

None
None
АСТАНА. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - ҚР Әділет министрлігі республикамыздағы сотталғандарға  рақымшылық шарасын жүргізу мәселесіне қатысты бастамашылық жасап отыр. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаттарымен кездесуі барысында еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жүрген адамдардың конституциялық құқықтарын сақтау мәселелерін баяндаған ҚР Әділет министрі Рашид Түсіпбеков осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Менің ойымша, келесі жылы біз осы мәселені Үкіметтің, Президент әкімшілігінің қарауына ұсынатын боламыз. Ал рақымшылық шарасын жүргізудегі басты мақсатымыз Қазақстанда сотталған адамдардың санын азайту болып табылады», деді Р. Түсіпбеков. Келтірілген мәліметтерге сүйенсек, 2004, 2005, 2006, 2007 жылдары бас бостандығынан айыру орындарында болған адамдардың саны төмендей бастаған. Бірақ, 2008-2009 жылдары сотталғандар саны керісінше арта түскен.

Әділет министрлігінің мәліметтеріне қарағанда,  2009 жылғы қазан айындағы сотталғандар саны 2008 жылдың қазан айымен  салыстырғанда  артып кеткенін айтты. «Егер 2007 жылғы қаңтардың 1-індегі жағдай бойынша қылмыстық-атқару мекемелерінде 43 мың 238 адам ұсталса, осы жылдың 7 айында олардың саны 25 пайызға көтеріліп, 50 мыңға дейін жетті. Қылмыстық-атқару мекемелерінде күдіктілер, айыпталушылар мен сотталғандар да ұсталатынын ескерсек, соңғы жылдары бұлардың ішінде сот үкімімен бас бостандығынан айырылғандардың саны арта түскен. Мәселен, сотталғандардың саны 2008 жылы 2000 жылмен салыстырғанда 8,9 пайызды көрсетсе, 2009 жылдың 6 айында олардың саны 20 пайызға артқан», деді Р. Түсіпбеков.      

Соңғы жаңалықтар