Әділет министрлігі диплом таратумен айналысатын ЖОО-ларға қатысты нақты ұсыныстар енгізбек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әділет министрлігі Білім және ғылым министрлігіне «диплом басып шығаратын» ЖОО-ларға қатысты нақты ұсыныстарды енгізетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетсек, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев диплом басып бере беретін жоғары оқу орындарын жабу қажеттігін айтқан болатын.

Осы мәселеге қатысты Әділет министрлігінің алқа мәжілісінде Нұр-Сұлтан қаласы әділет департаментінің басшысы Алан Тіленшиев ұсыныс білдірді.

«Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында біз тоқсан сайын аттестаттау өткіземіз. Президент өз сөзінде «диплом басып шығаратын» ЖОО-лардың жұмысын тоқтатуды тапсырған еді. Осы аттесттау аясында біз Білім және ғылым министрлігімен жұмыс жүргізіп, осындай студенттердің тізімін берген дұрыс болар еді. Себебі заңгерлік мамандық туралы дым білмейтін студенттер де бар. Олардың дайындығы да өте нашар», - деді Алан Тіленшиев

Өз кезегінде Әділет министрі Марат Бекетаев бұл ұсынысты қолдап, Білім және ғылым министрлігіне тиісті хат жолданатынын мәлім етті.


Соңғы жаңалықтар