Әділет министрі: Стати ісі өзгелерге маңызды сигнал болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев Стати ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әділет министрлігі бизнесмен Статимен арадағы текетіресте Қазақстанның жеңіске жеткенін мәлімдеді. Сонда да халық көкейінде сұрақ бар. Қазақстан Стати талап етіп отырған 500 млн доллардан астам қаражатты төлей ме?», - деп сұрады БАҚ өкілі.

«Мұның жауабы қарапайым. Қазақстан Стати талап етіп отырған ақшаны төлемейді», - деп қысқа қайырды ведомство басшысы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Сондай-ақ, ол Қазақстан тарабының Статиден сот шығындары үшін қанша қаражат талап ете алатыны туралы түсініктеме берді.

«Бұл шығындарды түрлі жолмен есептеуге болады. Заңгерлерге жұмсалған тікелей шығынды бірінші блокқа жатқызуға болады. Екінші блок – репутациялық шығындар. Үшіншісі – ҚР Ұлттық банкі осы іс бойынша бұғатталған қорлардың шотынан шектеу қойылған кезде игерілмеген ықтимал табыстарды талап ете алады», - деді Марат Бекетаев.

Оның айтуынша, Стати ісіне кеткен шығынды толық қайтарудан да маңызды мәселе бар.

«Бұл жерде шығын сомасын максималды мөлшерде қайтару ең маңызды міндет емес деуге болады. Статидің өзі Молдовияда тұратыны мәлім. Оның негізгі шоттары басқа да сот процестері бойынша бұғатталған. Онымен істес болған кредиторлар өте көп. Оның қылмыстық әрекеті бір жыл ғана жүріп жатқан жоқ. Статиге қарсы іс жүргізіп жатқан Қазақстан ғана емес. Келешекке үңілсек, толық соманы өндіріп алу мүмкін болмайтын да шығар. Бұл жерде Қазақстанның осындай алаяқтарды анықтауға, осындай агрессивті әрекеттерге қарсы тұруға қажетті ресурстары бар екенін дәлелдеу маңызды», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Айтуынша, осындай істердегі табандылығы арқылы Қазақстан өзгелерге маңызды сигнал беріп отыр.

«Халықаралық қорлар мен инвестиция нарығының негізгі ойыншылары осы сигнал арқылы Қазақстанның құқықтық жүйе ретінде дамып келе жатқанын түсінетін болады. Тиісінше, Қазақстанға инвестиция салуға болады және салу қажет екеніне көз жеткізеді», - деді Әділет министрі.


Соңғы жаңалықтар