Әділет министрі Парламентке енгізілетін заң жобаларын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2021 жылға арналған жоспар жобасында 25 заң жобасын әзірлеу қарастырылды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспары бекітілгенде 17 заң жобасын әзірлеуді және Парламентке енгізуді көздеді. Жыл ішінде енгізілген түзетулерді ескере отырып, Жоспар 22 заң жобасын әзірлеуді және Парламентке енгізуді қамтыды. Түзетулермен 7 заң жобасы енгізілді, 2 заң жобасы алып тасталды, 2 заң жобасы бойынша енгізу мерзімдері ауыстырылды. Мемлекеттік органдардың заң жобаларын енгізу мерзімдерін ауыстыруы Премьер-Министр Кеңсесі және Президент Әкімшілігі басшылығымен келісілді», - деді министр.

Оның айтуынша, әзірлеуші органдар Үкіметтің заң жобалау жұмыстары Жоспарының уақтылы орындалуы, сондай-ақ заң жобалау қызметін тиімді жоспарлау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады.

«Бүгінгі таңда Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспары толық көлемде орындалды, 22 заң жобасының барлығы Парламентке уақтылы енгізілді», - деп түсіндірді М. Бекетаев.

Сонымен қатар ол Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2021 жылға арналған жоспар жобасына тоқталды.

«Әділет министрлігі Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мүшелерімен бірлесіп, мемлекеттік органдардың ұсыныстары бойынша Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2021 жылға арналған жоспар жобасын дайындады. Жоспар жобасы Мемлекет басшысы және стратегиялық құжаттарда айқындалған тапсырмалар негізінде қалыптастырылды, онда 25 заң жобасын әзірлеу көзделген. Әзірленуге ұсынылған заң жобалардың ішінен 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Парламентке 13 заң жобасын, ал екінші жартыжылдығында 12 заң жобасын енгізу жоспарланып отыр», - деп нақтылады М. Бекетаев.

Алдағы жылы «Қоғамдық бақылау туралы», «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы», «Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы» және «Әскери полиция органдары туралы» жаңа заң жобаларының әзірленуі ескерілген.


Соңғы жаңалықтар