Әділет министрі кейбір әкімшілік жазалау құзыретін соттан уәкілетті органдарға беруді ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әділет министрі Марат Бекетаев кейбір әкімшілік жазалау құзыретін соттан уәкілетті органдарға беруді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Парламент Сенатында «ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының бірінші оқылымында министр сенаторларға осындай ұсыныс білдірді. Оның айтуынша, рұқсаттан айыру немесе оның қолданылуын тоқтату, қызметті тоқтату немесе тыйым салуды көздейтін жекелеген әкімшілік құқық бұзушылық істерді қарауды уәкілетті органдардың құзыретіне беруге болады.

«Конституциялық реформа аясында атқарушы мемлекеттік органдардың және олардың басшыларының жауапкершілігі артты. Осы бағытта жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясат әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында да ұқсас реформаларды талап етеді. Осылайша, заң жобасы тек сотпен ғана қолданатын әкімшілік жазаларды қайта қарауды, сондай-ақ уәкілетті органдардың құзыретіне, олармен өз бетінше қолданылуы мүмкін әкімшілік жазаларды жатқызуды ұсынады. Атап айтқанда, әкімшілік құқық бұзушылықтардың 37 құрамын соттардан уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыретіне беру ұсынылады (айппұлдарды қоспағанда)», - деді ол.

Министрдің пайымдауынша, бұл бағыттағы қадам тұлғалардың сот органдарына даусыз істер бойынша жүгіну қажеттілігін алып тастаумен қатар мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттырады.

«Сонымен бірге азаматтардың істі сотта қарауды таңдауға құқығы сақталатын болады. Яғни бұл істер бойынша сот бақылауы жалғасады», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар