Әділет министрі азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Қазақстан Ресупубликасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңізге мәлім ұлттық заңнаманы жетілдіре отырып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын нақтылы қамтамасыз ету бағытында біршама жұмыстар атқарылды. Алайда шешімін табуды қажет ететін проблемалар бар. Солардың бірі – жариялық, құқықтық дауларды шешу мәселесі. Атап айтқанда, қазіргі уақытта, жария-құқықтық дауларда, азаматқа қарсы мемлекеттік аппарат болған кезде тараптардың теңсіздігі орын алады және азаматтардың мүмкіндіктері мемлекеттік аппарат ресурстарымен сәйкес келмейді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында атап өтті. Осыған қарай, Президент әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажеттігін белгіледі. Осы міндеттерді шешу үшін Әділет министрлігі Жоғарғы Сотпен бірлесіп, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жобасын әзірледі», - деп тоқталды Әділет министрі Марат Бекетаев.

Кодекстің жобасы бірнеше мақсатты көздейді.

Біріншіден, азаматтарға басқарушылық шешімдерді қабылдау процесіне белсенді қатысуға мүмкіндік беретін кепілдіктер жиынтығын бекіту ескерілген. Екіншіден, жоғары тұрған орган мен сотта билік органдары дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін белгілеу қарастырылған.

Осыған орай, Кодекс жобасы екі негізгі бөліктен тұрады. Ол – әкімшілік рәсімдер және әкімшілік сот ісін жүргізу.

Әкімшілік рәсімдерді реттеу бөлігінде жобада тиісті негізгі ережелер қамтылған.

«Билік өкілеттігін тек мемлекеттік органдар ғана емес, өзге де тұлғалар жүзеге асыратынын ескере отырып, «әкімшілік орган» ұғымын бекіту ұсынылады. Бұл не үшін қажет? Егер мемлекеттік емес субъекті азаматтардың құқықтарын іске асыруға бағытталған шешімдер қабылдауға уәкілетті болса, онда ол Кодекстің жобасында белгіленген кепілдіктерді сақтауға міндетті болады. Яғни, Кодекстің ережелері егер ол азаматтардың құқықтарын іске асырумен байланысты болса, мемлекеттік және мемлекеттік емес субъектілердің кез келген қызметіне қолданылатын болады», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, билік органдарының басқару шешімдерін қабылдау кезінде азаматтармен «кері байланысты» қамтамасыз ететін рәсімдік кепілдіктер бекітіледі. Негізгі ереже ол - билік субъектісі түпкілікті шешім қабылдау алдында мүдделі азаматтың пікірін тыңдауға міндетті болады.

«Кодекстің жобасында міндетті түрде даулардың сотқа дейінгі шағымдану институты енгізіледі. Алайда бұл салық және кеден дауларына таралмайды. Шағымды қарау бойынша іс жүргізу жеделдетілген тәртіппен, 15 күнге дейін өтеді. Аталған институт азаматтардың сұрақтарын тез шешуге, уақытты үнемдеуге және сот шығыстарын азайтуға мүмкіндік береді», - деді Марат Бекетаев.


Соңғы жаңалықтар