Әділет министрі алдағы рақымшылыққа қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚвазАқпарат – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жасалатын амнистия Қазақстандағы криминогендік жағдайды ушықтырмай ма? Бұл мәселеге қатысты Әділет министрі Марат Бекетаев түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл тұрғыда рақымшылық жасау туралы құжаттың нақты баптарына байланысты. Өткен жылдардағы тәжірибеге тоқталсақ, қаскөй қылмыскерлер рақымшылық іс-шараларымен қамтылмады және бізде сыбайлас жемқорлар үшін жаза бойынша ерекше нормалар бар. Сондықтан осы салаларда амнистияға байланысты қандай да бір жағдайдың ушығуы болады деп топшылау дұрыс емес. Себебі бұл заң жобасын дайындауға қатысатын заң шығарушылар мен құқық қорғау органдары барлық жағдай мен факторларды назарға алады», - деді М. Бекетаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Еске сала кетейік, биыл ақпан айында ҚР Ішкі істер министрлігі «Рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының заң жобасын қоғам талқылауына ұсынды.

Былтырғы 29 қазанда Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, азаматтарға және жалпы мемлекетке қауіп келтірмейтін қылмыс жасаған адамдарға амнистия жасалатынын жеткізді.

Жақында Ішкі істер министрлігі рақымшылыққа ілінбейтін сотталғандардың санатын атады.

Соңғы жаңалықтар