Әділбек Жақсыбеков УЕФА-ның хатына орай шұғыл отырыс өткізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дүйсенбі күні кешке Қазақстан футбол федерациясының Президенті Әділбек Жақсыбеков шұғыл жиын өткізіп, Әділетті ойынды сақтау комитетінің отырысын ұйымдастыруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Федерацияның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жиында қазақстандық бірқатар футболшының адал ойын талаптарын бұзғандығы талқыланды.

«Ең алдымен, УЕФА-дан түскен ақпарат туралы айтылды. Спорт саласында ақпарат жинап, талдау жасайтын Sportradar корпорациясы Еуропалық футбол қауымдастығына қазақстандық кәсіпқой футбол клубтарының ойындарында спорттық тартыстың қағидалары сақталмайтынын хабарлаған. Sportradar корпорациясы - бәс тігуде күмәнді мәліметтерді талдайтын сараптамалық ұйым. Бірінші лига командалары арасында Қазақстан Біріншілігінің ойындары сол мәліметтерге іліккен. «Ақтөбе» футбол клубының жанынан құрылған «Ақтөбе-Жас» жастар командасының осы іске қатысы бар екені анықталған», - делінген таратылған хабарламада.

Жиынға «Ақтөбе» командасының бас директоры Самат Смақов та шақырылған.

«Сонымен қатар, талдықорғандық «Жетісу Б» командасының ойыншысының де осы іске қатысы бар екені анықталды. Әділетті ойынды сақтау комитетінің отырысы жақын арада өтеді», - деді ҚР футбол федерациясынан.

Еске салсақ, осыдан бірнеше күн бұрын Ә.Жақсыбеков клубтар мен төрешілерге үндеу жолдап, әділ ойын принциптерін қатаң сақтауға шақырған болатын.

Өз кезегінде «Ақтөбе» ФК бас директоры Самат Смақов клуб өкілдерінің келісілген матчтарға қатысқандығын растады. Оның мәлімдемесі клубтың ресми сайтында орналастырылған.

«Өкінішке орай, мен бірнеше ойыншының келісілген матчтарға қатысқандығы туралы ақпаратты растауға мәжбүрмін. Әңгіме Бірінші және Екінші лига матчтары жайлы. Осыған орай, барлық «Ақтөбе» жанкүйерлеріне қарата айтқым келеді. «Ақтөбе» эмблемасын төсіне тағып жүрген футболшылар келісілген мачтарға қатысады деген үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Бұл мен үшін үлкен шок болды.

Бүгін Қазақстан футбол федерациясында болдым. Ол жақта барлық жағдайдан хабардар, жіті бақылауда ұстап отыр. Қысқасы – бәрі «Жетісу-Б» командасының капитанынан басталды. Ол «Ақтөбе-Жас» және «Ақтөбе-Ж» ойыншыларымен байланысқа шыққан, тіпті осында келген. Өзара бірнеше кездесу болған. Бұның бәрін Украина елінің адамдарының бақылауында болған. Күмән жаз бел ортасына келген кезде туындай бастаған еді. Бірақ біз нақты бір дәлел болмағандықтан ешқандай кінә арта алмадық. Қазіргі уақытта дәлелдер бар – ойыншылардың өз кінәларын мойындап жазған түсініктемелері алынды. Ең қынжылтатыны – осының бәрін біз үлкен сенім артып келген өзіміздің жергілікті ойыншыларымыз жасады. Оның үстіне, клубтың дәл осындай қиын кезеңінде олардың осындай лас қадамға барып отырғандары көңілге үлкен қаяу түсіреді», - деді С.Смақов.

Соңғы жаңалықтар