Әділ баға қояды деп сенеміз: Министр Ресей газын арзанға сатып алу жайында пікір білдірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Осыған дейін Ресей Қазақстанға газды арзан бағада сатады деген хабар тараған еді. Кейін ресейлік Газпром компаниясы аталған ақпаратты жоққа шығарды. Бұл жағдайға Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кез келген экспорттық өнімнің бағасы - өзіндік құны, мемлекеттер аумағы арқылы тасымал және белгілі бір өнімді өндірушілер негізгі өзіндік құнға салатын кірістен тұрады. Түсінеміз, газ бағасын қоятын - «Газпром» корпорациясы мен Ресей үкіметі. Баға белгілеу Ресей және Беларусьпен достық қарым-қатынас негізінде әділ болатынына сенімдіміз», - деді Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Министрдің мәлімдеуінше, баға белгілейтін кезде Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестік факторлары және экономика параметрлері назарға алынады.

Еске салсақ, бұған дейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бұған Ресей газды Еуропа елдерінен бірнеше есе арзан бағамен беретінін мәлімдеген еді.

Өз кезегінде Газпром компаниясы министрдің мәлімдемесін жоққа шығарып, ақпараттың шындыққа жанаспайтынын жариялады.


Соңғы жаңалықтар