Әділ Ахметов діндер съезі туралы: Қазақстанның беделіне бедел қосты

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Белгілі қоғам қайраткері Әділ Ахметов ҚазАқпарат тілшісіне Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының VII съезінен қандай ой түйгенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кешеден бері өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының VII съезінен түйген ойлар көп. Соның бәрін түйіндеп айтсақ, католик дінінің көшбасшысы – Рим Папасының келуі шараның мәнін арттырды. Әлемде діндер де көп, дін көшбасшылары да көп. Бірақ Рим Папасы Франциск құлаққа кіретін әңгіме айтты. Ол жай ғана, жалпылама сөйлеген жоқ. Мынау дін көшбасшыларының әлемдегі рөлін біздің елдің құндылығымен байланыстырып айтты. Бірінші күні домбыраның синхронды үн шығаратын аспап екенін айта келіп, үйлесім құндылығына өте үлкен мән берді. Домбырасы бар елдің тегін халық емес екенін дәлелдеп айтқандай болды. Алкеше Абай философиясын талдап берді. Абайдың сөздері жалғыз қазақ үшін емес, әлем үшін айтылғандай ғой. Абай философиясындағы «Алланы сүй», «Адамды сүй» деген сияқты түйіндер діни құндылықпен де үйлесетінін дәйектеп айтып берді», - деді мемлекет қайраткері.

Ғалым Рим Папасы Францисктің Қазақстанға келуін 2001 жылғы Рим Папасының сапарымен салыстырып, ой бөлісті.

«Кешегі Мессаға әлемнің әр түкпірінен 10 мыңға жуықа адам жиналды деп жатыр. 2001 жылы ІІ Иоан Павел келгенде де осындай Месса өткен. Ол Рим Папасының да сөзі мағыналы болған. Идауизм, христиан және ислам діндерінің түбір бір екенін, Ибрагим пайғамбардан басталатынын еске салған. «Егер олардың айырмашылықтарына баса мән беретін болсақ, бір-бірімізден алыстаймыз. Ал үшеуінің арасындағы өте көп ортақ құндылықтарға көбірек мән берсек, жер жүзіндегі халықтың басы бірігеді», - деген сөз айтқан еді. Қазіргі папа Франциск сол ықыласты қайталап тұрғандай сезілді», - деді Әділ Ахметов.

Ғылым докторы шарадан әлемдегі танымал арналар мен басылымдардың хабар таратып жатқанына да назар аударып отыр. «Шараға келген дін көшбасшыларының тізімін қарасаңыз, әлемнің бүкіл қиырын қамтыған. Ең бастысы, соның бәрін БАҚ арқылы бүкіл жер жүзі көріп жатыр. Арасында CNN, Euronews сияқты халықаралық ақпарат құралдары да хабар таратып жүр. Бұл жетінші форумның айырмашылығы – жаңа идеялар, тың сөздер айтылып жатыр. Қысқасы, бұл шара Қазақстанның беделіне бедел қосты.

Өйткені 1 млрд 300 млн ұстанушысы бар католик дінінің көшбасшысының келуі – үлкен саяси құбылыс. Өйткені оның жер жүзіндегі рөлі үлкен. Қазақтың ешқашан өлмейтін домбырасы мен ешқашан құндылығы жойылмайтын Абайға сілтеме жасауы қазақ мемлекеті үшін үлкен дүние деп ойлаймын»,- деп түйіндеді қоғам қайраткері.


Соңғы жаңалықтар