Адасқан тырна аңшылық шаруашылығына тапсырылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат -  Өткен жылы қара күзде  ұша алмай үйірінен қалып қойған әлсіз балапан сұр тырнаны Федоров ауданындағы Кеңарал ауылының тұрғыны Мұса Дұғаев тауып алып, қыс бойы асырап шықты, деп жазады egemen.kz.

 Көктемде оны ауыл сыртындағы оны бірнеше рет тырналар жүрген алқапқа апарып жіберген. Далаға жайылып үйренген тырна біраз уақыттан кейін Кеңарал ауылына қайта келеді. Тіпті адамдардан үрікпей балалардың берген жемін жейді. Жақында сұр тырна Кеңарал ауылына жақын орналасқан Ленин селосына келіп қонып, көшеде, аулаларда қайтадан жайыла бастайды. Мұнда да оны тұрғындар қызықтап, жемдейді. Қазір тырналардың жылы жаққа ұшатын уақыты болып қалғандықтан, ауылдастар сұр тырнаның тағы да үйірден қалып қоймауын ойластырды.

«Өзіміз Чаппи деп атап кеткен сұр тырна сыңарын да таппаған секілді. Жазымен жиі көріп жүрдік, жалғыз жайылды. Егер биыл ұша алмай қалып қойса үсіп кетуі немесе ит-құсқа жем болуы, тіпті табиғатқа ашкөздікпен қарайтындардың құрбанына айналуы да мүмкін. Ол өткен жылғыдай емес, өсті, жабайыланды, сөйте тұра тырналар үйіріне де қосыла алмаған», - дейді Мұса Дұғаев. Ленин ауылында тұратын егерь Иван Яуфман да осы пікірмен келісіп, ауылды кезіп жүрген сұр тырнаны «Банновское» аңшылық шаруашылығына апарып тапсырды. Шаруашылық мамандары мүмкіндігінше тырнаның үйірмен қосылып ұшуын қарастырмақ, егер ұша алмаса ары қарай тырнаның тағдырын шешетін болады. 

Соңғы жаңалықтар