Адамзаттың ғарышты игеру дәуірі қазақ жерінен басталды

None
None
БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат – Осыдан 65 жыл бұрын қазақ жеріндегі полигоннан ғарышты игеруге алғашқы қадам жасалып, Р-7 ракетасы ұшырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2022 жылдың 4 қазанында адамзат үшін ғарыш дәуірінің басталу мерейтойы атап өтіледі. Тура 65 жыл бұрын – 1957 жылдың 4 қазанында Байқоңыр ғарыш айлағынан (ол кезде космодром КСРО Қорғаныс министрлігінің №5 полигоны аталды) Р-7 ракетасы орбитаға Жердің әлемдегі алғашқы жасанды серігін шығарды.

Дегенмен, ғарышты игеруге тұңғыш қадам 1957 жылдың 15 мамырында жасалды. Ол кезде қазақ даласындағы әскери полигоннан алғаш рет Р-7 ракетасы ұшырылды. Құжат деректерінен мәлім, космодромның №1 алаңының (қазір Гагарин ұшыру алаңы) ұшыру кешені өз міндетін штаттық режимде орындады. Ракета сәтті ұшырылды және батыс траекториясы бойынша 100 секундқа жуық ұшты. Бірақ зымыранның артқы бөлігінде от тұтанып, ол космодромнан 300 км жерге құлады. Осы алғашқы ұшырылым құрлықаралық баллистикалық ракетаны құруға маңызды қадам болды және бұл күн ғарыш кеңістігін игеруге кірісу датасы саналады.

Небәрі 4 айдан кейін – 1957 жылдың 4 қазанында Р-7 ракетасы сәтті ұшырылып, ол Жердің тұңғыш жасанды серігін ғарышқа алып шықты. Осылайша, адамзаттың ғарыштағы дәуірі ресми басталды.

30 жылдан кейін, 1987 жылдың 15 мамырында тағы бір тарихи ұшырылым жасалды. Байқоңыр ғарыш айлағынан «Энергия» зымыран-тасығышы ғарышқа аттанды. Ол жермаңы орбитасына, Айға, Күн жүйесіндегі планеталарға, сондай-ақ басқарылатын ұшырылымдар үшін жоғары салмақты жүктерді және габариттерді жеткізуге қолданылды.


Соңғы жаңалықтар