Адамзат өркениетінің әлеуметтік-рухани дамуы үшін дін лидерлерінің рөлі артады - Әшімбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзат өркениетінің әлеуметтік-рухани дамуы үшін әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі арта түседі. Бұл туралы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХІХ отырысында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдағы уақытта да әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съездің мүмкіндігі мен әлеуетін тиімді пайдалануының маңызы зор. Бұл қазіргі кезеңде өте өзекті. Коронавирус пандемиясы адамдардың қалыпты өмірін өзгертіп қана қоймай әлі күнге дейін әлемнің дамуына кері әсерін тигізуде. Қазіргі таңда COVID індетінен әлем бойынша 4,5 млн адам көз жұмды. Одан бөлек, ондаған млн адамның денсаулығы сыр берді. БҰҰ келтірген деректер бойынша 2020 жылы әлемдік экономика 4,3 пайызға қысқарған. COVID-19 салдарынан әлемдік экономикаға келген шығын 3,5 трлн доллардан асып жығылады. Дүниежүзінде әрбір үшінші жұмыс беруші жұмыс сағатын, ал шамамен әр 5-ші жұмыс беруші жұмысшыларын қысқартуға мәжбүр болған. Соның салдарынан көптеген елде әлеуметтік проблемалар ушығып кетті. Жұмыссыздық, әлеуметтік теңсіздік, қылмыс сияқты келеңсіздіктер көбейді. Дүниежүзілік банктің есебі бойынша пандемия кедейлік деңгейінде өмір сүретін адам санын шамамен тағы да 100 млн-ға көбейткен», - деді Сенат Төрағасы.

Оның атап өтуінше, азық-түлік бағасының өсуі мен инфляция табысы төмен елдердегі азық-түлік қауіпсіздігіне айтарлықтай зардабын тигізді.

«БҰҰ бағалауына сәйкес, пандемия салдарынан әлемде ашығуға мәжбүр адамдардың саны 83 млн-нан 132 млн-ға дейін өсуі ықтимал. Осындай жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұру кезінде ынтымақтастық пен өзара іс-қимылға ешқандай балама жоқ. Пандемияның басты сабақтарының бірі де осы болуы керек деп есептейміз», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат спикері пандемияның тағы бір маңызды сабағы – қоғамда рухани және адамгершілік құндылықтарды кеңінен дәріптеумен байланысты екендігін баса айтты.

«Сондықтан пандемиядан кейінгі кезеңде адамзат өркениетінің әлеуметтік-рухани дамуы үшін әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі арта түсетіні анық», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар