Адамзат болашағы - «Жасыл энергия»

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО-2017 көрмесінің «Болашақтың энергиясы» тақырыбы ең үздік әлемдік энергия сақтау технологиясын, күн, жел энергия көздерін пайдалануда жаңа әзірлемелер мен технологияны пайдалануға мүмкіндік береді.

Астана осы саладағы ең үздік әлемдік әзірлемелер мен трендтер көрсету үшін тиімді алаңға айналуына зор мүмкіндік жасалуда.

Көрме сондай-ақ елдің өндірістік қуаты мен ғылыми базасын технологиялық жаңғырту және экономиканы жүйелендіру үшін қуатты серпін береді.

ЭКСПО-2017 көрмесі әлемдік энергия сақтау технологиялары күн және жел дәстүрлі емес энергия көздерін жандандыруға, шағын және орта бизнестің дамуына елеулі серпін береді. Көрме елор­даның көрмелер объектілері құрылысы мен инфра­құрылымына едәуір жеке меншік инвестицияны тартуға мүмкіндік туғызады. ЭКСПО бүкіл­әлемдік бірегей көрмесі - маңызы жағынан дүниежүзілік экономикалық форумдармен, ал турис­тік тартымдылығы бойынша ең танымал әлем­дік деңгейдегі спорттық жарыстармен салыс­ты­руға тұрарлық жаhандық ауқымдағы оқиға­лар­мен жалғасын табады.

Қазірдің өзінде жасыл энергетика жолындағы жетістіктер мен жобалар әлем назарына ұсыны­латын болады. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін аймақтардан түрлі жобалар жинақталуда. Қазіргі уақытта елімізде жасыл энергетиканың, яғни айтқанда күн, жел сияқты энергия көздерін пайдалану мөлшері 1,33 пайызды құрайды екен. Болашақта, дәлірек айтқанда, алдағы екі-үш жыл көлемінде мұндай энергияны пайдалану мөлшерін 35 пайызға көтеру жоспарланып отыр.

1851 жылы Лондонда өткен бірінші Бүкіләлем­дік өнеркәсіп көрмесінен бастау алған ЭКСПО ха­лықаралық көрмесі әр жыл сайын зор таны­малдыққа ие болып, барлық қатысушыларға әлем­нің экономикалық, технологиялық және мәде­ни жетістіктерімен танысуға тамаша мүмкін­діктер беріп келеді. Көрме сондай-ақ инновациялық идеялар алмасу және болашаққа қатысты ұжымдық көзқарас мүмкіндіктерін сенімді көрсету үшін ерекше алаң болып табылады.

Қазақстанның балама энергия көздері бойынша әлеуеті аса зор. Экспорттық бағамдау негізінен алғанда еліміздің құрамына гидроэнергия, жел және күн энергиясы кіретін ресурстық әлеуеті 1 триллион кВт/сағат мөлшеріне тең деп жобалануда. Ақиқатында қазақстандық жел энергиясының қуаты ешқашан сарқылмайды. Бұл ретте Жоңғар қақпасында толассыз соғатын қуатты жел екпінін және Алматы қаласындағы Шелек ауданындағы жел энергиясы көздерін атауға болады. Сонымен бірге, Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлеріндегі сарқылмас жел энергиясы көздерінің қуаты да болашақта балама энергия үшін таптырмас ресурстар болып табылады. Мамандардың пі­кірінше, республикамыздың бірқатар өңір­ле­рін­дегі жел энергиясының қуаты 1 шаршы шақы­рымға 10 МВт-ға тең келеді екен.

Еліміздің қойнауы байлыққа толы. Бірақ, ол мәңгілік емес. Күндердің күнінде көмір де, темір де, мұнай да, газ да таусылады. Жыл өткен сайын оларды өндіру де, тасымалдау да қиындай түсуде және қымбаттауда. Ал, әлемдегі өндірістердің көбеюі мен халық санының өсуі энергияға деген сұранысты еселей арттыра түсуде.

Энергия өндіруде атмосфераны зиянды уландырғыш заттармен ластайтын - мұнай, газ, көмір және басқа да қорларды пайдалану қоршаған ортаны, планетамыздағы экологиялық жағдайды ушықтырып жіберуде. Бүгінде атмос­фераның ең ірі ластаушыларына тау-кен саласы, жылу және электр энергетикасы, мұнай-газ кешені кәсіпорындарының стационарлық көздері жатады. Сондай-ақ, еліміздегі атмосфералық ауаның жай-күйіне автомобиль көлігі де келеңсіз әсерін тигізуде. Сондықтан баламалы энергия бұл барлық саналы адамзатты толғандырып отырған көкейкесті мәселе болып отыр.

Қазіргі таңда жеті миллиард адамның күннен-күнге өсіп бара жатқан энергетикалық сұранысын қанағаттандыру планетамыздың болашақтағы ең бір өзекті проблемасына айналып бара жатыр. Электр қуатын өндіру үшін көмірсутегі шикізатын көптеп пайдалану ауаны ластап, атмосферадағы тепе-теңдікті бұзды. «Жаһандық жылыну үрдісі» атты дәуірлік қауіп қыр астынан бас көтерді. Ғалымдардың пікірінше, осы жүзжылдықтың соңына таман ауаның температурасы 6,4 градусқа жылынып, әлемдік мұхиттардың деңгейі 58 сантиметрге көтеріледі екен.

Сондықтан бүгінгі таңдағы түйінді мәселе - дәстүрлі энергетикалық қуат шикізаттарына тиімді балама табу. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген Астана ЭКСПО-2017-нің басты ұраны - «Бола-шақтың энергиясы» болып отырғандығы да тегін емес.

 

Соңғы жаңалықтар