Адамды құтқарған Теміртау тұрғыны Adam Bol сыйлығымен марапатталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Теміртау тұрғыны Александр Шахов ADAM BOL AWARDS бірінші жаһандық қазақстандық сыйлығының лауреаты атанды. Сыйлықтың құрылтайшысы Әлия Назарбаева. Adam Bol қарапайым адамдардың игі істері мен ерліктеріне арналған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің сыйлық кез-келген адамға ерлік арқылы бүкіл елге танымал болуға мүмкіндік береді. Осылайша, басқа адамдарға ең жақсы үлгі көрсету, олардың жүректерін жарықтандыру, жауапкершілік пен мейірімділікке итермелеу. Біздің сыйлығымыз - бұл тек марапат қана емес, бұл үлкен халықтық алғыс», - деп жазды Әлия Назарбаева Instagram-дағы парақшасында.

12 жеңімпаздың әрқайсысына ол өз атынан миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыстады.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың көктемінде өнеркәсіптік альпинистер Александр Шахов пен Андрей Лобов Атырауда келісімшарт бойынша ғимарат қасбетіндегі жұмысты істеген. Олар біреудің айқайлап көмекке шақырғанын естіп, түтін иісін сезген. Еш кідірместен көмекке асыққан. Белгілі болғандай, сегізінші қабаттағы пәтер өртеніп, ішінде кішкентай бала мен әйел болған. Альпинистер есікті аша алмаған. Содан кейін Александр шатырдан арқан лақтырып, сегізінші қабаттағы терезеге дейін түсіп, жас ананың қолынан баланы алған. Содан кейін ол әйелді тағы бір арқанмен байлап пәтерден шығарған. Әйел көк түтінге оранған пәтерден шығып, терезе алдындағы тақтай шетінде тұрып, құтқарушысымен бірге өрт сөндірушілерді күткен.

Андрей Лобов осы уақытта жоғарыда досы мен әйелдің құлап кетпеуі үшін арқандарды ұстап отырған.

Бұл оқиға бүкіл Атырауды дүр сілкіндірді. Көптеген бұқаралық ақпарат құралдары бұл жағдай туралы мақала жазды. Журналистердің: «Өзіңізге қауіп төніп тұрғаны туралы ой болған жоқ па?» деген сұрағына ер адамдар: «Ойланатын несі бар? Адамдарды құтқару керек болды» деп жауап берді.

Adam Bol бірінші жаһандық қазақстандық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі 6 наурызда сағат 10.00-де өтеді.


Соңғы жаңалықтар