Адамдардың көпшілігі вирусқа қарсы ғажайып дәрі барына сенеді - Рафаиль Қыпшақбаев

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазір қоғамда коронавирустың жаңа түріне қатысты таралған көптеген алып-қашпа мәлімет көп. Оның көпшілігін адамдар саралап жатқан жоқ. Қоғамдық денсаулық сақтау Жоғарғы мектебінің эпидемиология, биостатистика кафедрасының доценті Рафаиль Қыпшақбаев осы мәселеге қатысты ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

Коронавирус тақырыбының танымалдығы қазір шарықтап тұр. Ол туралы неше түрлі ақпарат, вайн, челлендж жүріп жатыр. Бұл ақпараттық технологиялардың дамуымен байланысты ма?

- Иә, ақпараттық технологиялардың дамуына тікелей байланысты. Бұл инфекция - жаңа. Енді зерттеліп жатыр. Біреулер неше түрлі ақпараттарды таратып жатыр. Қазақстанда емдеу хаттамасы 10 рет өзгергенін білесіздер. Мұның барлығы ақпараттық терроризмнен көрініс береді. Себебі, жұртшылық арасында негативті ақпарат көп белең алып тұр. Кейбір адамдар коронавирус, ВИЧ инфекция мүлде жоқ деп санайды. Оны саясатқа балайтындар да бар. Мен ондай адамдарға инфекциялық стационарды көрсеткім келеді. Шынымен қаншама адам ауырып жатқанын өз көзімен көрсе екен деймін.

Бұл инфекцияны қалай емдеуге болады? Ұсыныстарыңыз бар ма?

- Егер көлігіңіз сынып қалса, ТҚКО –ға апарасыз. Көп адам көлігін өзі жөндемейді. Маманға көрсеткісі келеді. Ал адам емдеуге келген кезде, тек өзіне сенгісі келеді. Гуглды ашып немесе онкологиялық ауруханада есепші боп істейтін көршісіне сенеді. Бұл дұрыс емес. Міндетті түрде дәрігерге қаралған дұрыс. Кез-келген инфекцияда біз антибиотик қолданамыз. Олар вирусқа келгенде қауқарсыз. «Иммунитет көтереді» деген стимуляторлық заттар болмайды. Егер басқа вирустарға қарсы препараттар бар болса, коронавирусқа қарсы (нақты осы вирусқа қарсы) этиотропты терапия жоқ.

Белгіленген тиісті дәрілер адамдарды коронавирустан қаншалықты қорғайды?

- Әлбетте, кез-келген дәріханаға барсаңыз, олар дәрі дәрмек өткізуге тырысады. Бұл - коммерция. Адамдардың көпшілігі вирусқа қарсы ғажайып дәрі барына кәміл сенеді.

Иммунитет қай жағдайда күшейеді? Салауатты өмір салты, 6-8 сағат ұйқы, толық тамақтану (ақуыз, май, көмірсутек), визикалық белсенділік болған жағдайда күшейеді. Зейнет жасындағы адамға далада ұзағырақ жүрген пайдалы. Мен осыны айтсам, адамдар таңқалады, «осы ғана ма?» деп. Иә, ауырмаудың жолы осы ғана.

Ауырып тұрған адам қашанға дейін вирус жұқтыра алады?

- Ауырып тұрған адамның қанында антиденелер пайда болады. Алайда олар қанша уақыт тұратыны белгісіз. Зерттеулерге сәйкес антиденелер 6 ай белсенді болатыны белгілі болып тұр. Сосын олар жойылып, ол адам қайта жұқтыруы мүмкін. Сондықтан, вакцинаның да тиімділігі тексеріліп жатыр. Бұл вакцина енді ойлап табылды. Сондықтан, ғылыми базасы әлі анық қалыптаса қоймады.

Медицинаның шарықтап дамыған заманында неге сонша адам өлімі тіркеліп жатыр?

- Вирус бірден адамның тыны салу жолдарына түседі. Егер адамның лимфаэпителиялық сақинасы (бадамша без, аденоид) тұтас болса, ангина, тонзиллит жоқ болса, ауру жеңіл түрде немесе симптомсыз өтеді. Ал егер бадамша безде проблема болса, вирус өкпеге түсіп, ұсақ альвеолдарды бітеп қалады. Осылайша қан ұйып, тромбоз пайда болады. Бітелген жерге иммундық клеткалар топталып жинала бастайды. Осылайша олар дені сау клеткаларға шабуылдайды. Бұл процесс цитокин шабуылы деп аталады. Ғылыми тілде бұл ДВС синдром (диссеминирленген тамырішілік қан ұюы) деп аталады.

Бұл кезде адамның барлық денесіндегі қан бірден ұйып қайтыс болып кетеді.

Неліктен адамдар иіс, дәм сезбей қалады?

- Вирус нейтротропты, ол жүйке тіндерін зақымдайды. Негізінен көбінесе иіс, дәм сезу нашарлайды. Шаш түседі. Иіс сезу қабілеті жойылмайды. Тек адамның миына баратын рецепторларды инактивация жасайды. Осылайша иіс туралы есте қалған ақпараттар жойылады. Бұл қабілет әркімде әртүрлі қалпына келеді. Қазір түрлі эфирлік майларды иіскеу арқылы миға жаттығу жасауға болады. Ми сонда түрлі иістерді жаттай бастайды.

Сіз ауырған адамға қандай әрекет істемеу керектігін айттыңыз. Енді оған қандай әрекет істеу керектігін айтсаңыз?

- Ең алдымен, қобалжымау керек. Аурудың психосоматикалық жағын айтпаса тағы болмайды. Себебі, адам қорыққан сайын көзіне қос көрінеді. Жеңіл болса, көбірек сұйықтық ішіп, тәтті, газдалған сусындардан, алкогольден бас тарту керек. Тек шай, морс, су ішкен дұрыс. Дененің қызуын тек 38 градустан асқанда ғана түсіреміз. Онда да тек парацетамол препаратын ішсе болады. Бұл препаратты тәулігіне 4 грамман асыруға болмайды. Себебі, ол бауырға ауыр келеді. Адам толыққанды, құнарлы тамақ ішуі керек. Сорпа, сұйық тамақ ішкендер тезірек орнынан тұрады. Үйде пульсоксиметр болғаны дұрыс. Өйткені, хаттама бойынша оттегінің қанығуы 93% болса, ауруханаға шұғыл жату керек. Қарапайым ғана тыныс алу жаттығуын жасау керек. Күніне 10 рет терең дем алып, дем шығару керек. Дәруменге толы, әсіресе мырыш пен Д дәруменіне толы тамақ ішкен абзал.


Соңғы жаңалықтар