Адамдардың бірлігі, олардың ізгі және шынайы тілектері Елбасына күш беруде – Айдос Үкібай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Адамдардың бірлігі, олардың ізгі және шын көңілден білдірген тілектері Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа күш беруде. Бұл туралы Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

А.Үкібай Елбасыдан коронавирустың анықталуы туралы жаңалықтан туындаған қоғамдық резонансқа Н.Назарбаевтың реакциясы қалай болғанын айтып өтті.

«Әрине де, Нұрсұлтан Әбішұлы мұндай қолдау сөздерін көріп және естігеннен – сүйсінді. Бибігүл Төлегенованың видеосәлемдемесін түсіністікпен және қуана қабылдағанын айтты.

Елбасы өзге мемлекет басшыларынан болсын, комбинаттардың еңбек ұжымдарынан болсын, түсіп жатқан барлық телеграммалар мен хаттарды оқиды. Нұрсұлтан Назарбаев үшін хаттардың барлығы бірдей қымбат. Адамдардың бірлігі, олардың ізгі және шын көңілден білдірген тілектері Тұңғыш Президентке күш беруде.

Осы жылдар бойы Көшбасшымыз халық қолдауының арқасында ғана тәуелсіз және гүлденген мемлекет құру жолындағы кез келген қиындықтар мен ауыртпалықтарды жеңіп келді», - деді А.Үкібай.

Сондай-ақ ол Тұңғыш Президент бүгін таңертең Алматы облысында тұратын оқушы бала Назар Нағашыбектің үндеуін оқығанын айтты.

«Елбасы осы оқушыға, барлық қазақстандық және өзге мемлекет азаматтарына ризашылық білдіріп, жылы қолдау сөздері үшін алғыс айтты. Әрине, бұл күндері Нұрсұлтан Әбішұлының оқушымен кездесуі мүмкін болмас. Нағашыбек оқудағы жетістіктері туралы айтқан екен. Сондықтан Тұңғыш Президент қоры желісі бойынша түрлі бағдарламаларға қатысуға шақырту алуы мүмкін», - деп түйіндеді баспасөз хатшы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың COVID-19-ға тапсырған сынамасы оң нәтиже көрсеткені бұған дейін хабарланған болатын.

Бүгін Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Тұңғыш Президенттің денсаулығына қатысты алаңдауға негіз жоқ екенін айтты.

Сондай-ақ ол қазақстандықтардың бірлігі, олардың ізгі және шын көңілден білдірген тілектері Нұрсұлтан Назарбаевқа күш беретінін және Елбасы өзіне жазылған хаттар мен телеграммаларды оқып шығатынын жеткізді.

Бұған дейін Ресей Президенті Владимир Путин Тұңғыш Президентке хат жолдап, телефон арқылы да сөйлескен болатын. Сондай-ақ Түркия Президенті Режеп Ердоған, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео, Тәжікстан мен Израиль басшылары, Үндістанның Премьер-Министрі Нарендра Моди хабарласып, ізгі тілектерін білдірді. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаевтың атына өнер және қоғам қайраткерлерінен, ЖОО ректорларынан, депутаттардан, көптеген еңбек ұжымдарынан телеграммалар түсіп жатыр.




Соңғы жаңалықтар