Адамдарды құтқару біздің парызымыз - Данияр Сембай

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласындағы судан құтқару жұмыстарына полиция қызметкерлері де жұмылдырылды. Олар су басқан баспаналарды күзетуге көшті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ақтөбе қаласындағы судан құтқару жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр. Бұған дейін хабарлағанымыздай, қалада төтенше жағдай жарияланды. Арнайы комиссия құрылып, су астында қалған баспаналардың шығынын есептеу жұмыстары жүргізілетіні жария болды.

Ал қазіргі уақытта баспанасы су астында қалған адамдар қаладағы мектептерге қоныстандырылды. Жергілікті билік үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етті. Ал ақтөбеліктер заттай көмек беріп жатыр .

Судан құтқару жұмыстарына полиция қызметкерлері де жұмылдырылды. Бүгін полиция қызметкерлерінің жұмысы әлеуметтік желі арқылы кең тарап, ақтөбеліктер олардың еңбегіне ризашылығын білдіріп жатыр. Құқық қорғаушылар арнайы резеңке киім киіп, бау-бақша ұжымдарында иесіз қалған баспаналарды күзетуге көшті. Жұмыс үздіксіз, демалыссыз жүріп жатыр.

«Адамдарды құтқару біздің парызымыз. Өзім Зауыт полиция бөлімінің кәмелет жасқа толмағандар жөніндегі инспекторы болып жұмыс істеймін. Үш күннен бері судан құтқару жұмыстарына қатысып, үйінен шыға алмай қалған адамдарды тасып жүрміз. Олардың киім-кешегін алып шығып, өтініштерін орындадық. Көбі иесіз қалған үйлерін аманат етіп кетеді. Біздің міндетіміз - күзетті күшейтіп, қауіп сейілгенше мүліктің қолды болып кетпеуін қадағалау»,- деді полиция лейтенанты Данияр Сембай.

Жас маман Зауыт полиция бөліміне бір жыл бұрын жұмысқа орналасқан. Ол Малкеждар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтын бітіріп, қызметке тұрды.

«Бізге арнайы киім беріліп, құтқару, күзету жұмыстарын тапсырды. Әрі бұл біздің азаматтық борышымыз. Адамдар үшін қиын. Олар жалғыз баспанасын тастап, бізге сенім артты. Сенімді ақтау біздің парызымыз әрі міндетіміз»,- деді Данияр Сембай.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласы маңында Ақтөбе, Сазды, Қарғалы су қоймасы толды. Қазіргі уақытта Ақтөбе мен Сазды су қоймасы ашылып, Елек өзені арнасынан тасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар