Адамдар коронавирустың қаупін жақсы біледі, бірақ өздері сақтанбайды - Лима Диас

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде коронавирус індетін толығымен жою мақсатындағы шаралар өз жалғасын табуда. Соның бірі - Қоғамдық бақылау мониторингі. Оның мақсаты - халық жиі шоғырланатын орындарға бақылау жүргізіп, ел арасында індеттің таралуының алдын алу және санитарлық талаптарды орындау жұмыстарын түсіндіру. Еліміздің барлық өңірінде жүргізіліп жатқан қоғамдық бақылаудың жұмысымен танысу мақсатында ҚазАқпарат тілшісі ҚР Ақпарат және қоғамдық министрінің кеңесшісі, Қоғамдық бақылау мониторингінің республикалық үйлестірушісі Лима Диаспен сұхбаттасты.

«Коронавирус індеті кеңінен таралып, елімізде карантин режимі енгізілгенде қоғамдық бақылау жұмысына қатысуға ниет білдірушілер көп болды. Қазақстан бойынша 300-ден астам волонтер жиналды. Енді карантин жағдайы бірыңғайланған соң олардың саны азайып, бүгінде 250-дей қоғамдық бақылау белсендісі бар. Олар өздерінің негізгі жұмысымен қатар, волонтерлік қызметті бірге алып жүр», - дейді Л. Диас.

Оның айтуынша, қоғамдық бақылау қызметі еліміздің барлық өңірінде әлі күнге дейін жұмыс істеп жатыр.

«Біздің қызметкерлер ірі қалалардан бастап, аудан және ауылдарды аралап, мониторинг жүргізеді. Яғни карантин режимінің бұзылмауы мен санитарлық талаптардың орындалуын қадағалайды. Біз адам көп шоғырланатын қоғамдық орындарды бақылауға аламыз. Оның ішінде сауда үйлері, базарлар мен қоғамдық көлік және тағы басқалар бар. Сондай-ақ, тұрғындардың өтініш-шағымы бойынша да бақылау жүргіземіз. Одан бөлек, халыққа санитарлық талаптарды орындау бағытындағы түсіндіру жұмысы ұйымдастырылады», - деп түсіндіреді ол.

Қоғамдық бақылау өкілінің мәлімдеуінше, санитарлардың талаптардың ішінде ең жиі бұзылатыны - адамдардың маска тақпауы.

«Рейд барысында санитарлық талаптарды бұзу жағдайын жиі көреміз. Атап айтқанда, маска тақпау, бұл - ең бірінші проблема. Сондай-ақ арақашық сақтамау. Өкінішке қарай, індеттен сақтану ережелеріне немқұрайлы қарайтын және коронавирус індетінің барына сенбейтін азаматтар да бар. Олар індет басталғанда дәріханалардағы ұзын-сонар кезекті, дәрі-дәрмек пен масканың тапшылығын, оның соңы өліммен аяқталып жатқанын тез ұмытқан секілді», -дейді үйлестіруші.

Лима Диастың сөзіне сенсек, еліміздің әр өңірі бойынша қоғамдық бақылаудың күнделікті есебі жүргізіледі.

«Біздің волонтерлердің санитарлық талаптарды орындауға қатысты ескертуін адамдар әртүрлі қабылдайды. Біреулер дұрыс қабылдаса, кейбіреулер ауыр сөздер айтып, тіпті волонтерге қол көтерген жағдай да болды. Ең қызығы - адамдар елдегі коронавирус індетінің ауыр жағдайымен таныс, бірақ өздері сақтанбайды. Тағы бір айтып өтетін мәселе, біз көбіне сауда үйлері мен базарларға бақылау жүргіземіз. Бұл дегеніміз - бизнес, осы орайда біздің бизнеске кедергі жасау немесе оның жұмысын тоқтату ниетіміз жоқ, осыны бизнес өкілдері дұрыс түсінуі керек. Біз жүргізген мониторингтен кейін айыппұл салынып, 2-3 күннен соң жұмысын қайта жалғастырған бизнес нысандары да бар. Біздің мақсат - коронавирус індетінің алдын алу, оған жол бермеу. Ол үшін адамдар сақтық шараларын қатаң ұстануы тиіс», - дейді Лима Диас.


Соңғы жаңалықтар