Адамдар емес, деректер «жүгіруі» тиіс деген қағиданы іске асырамыз – Ералы Тоғжанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтарға зейнетақы жүйесіне қатысуға тұңғыш рет мүмкіндік беріледі. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Қазақстан Жаңа шындықта: іс-қимыл уақыты» атты Жолдауы ел дамуының нақты векторларын анықтап берді, оның ішінде еліміздің әлеуметтік саласын жаңғырту мен азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын көтеру – мемлекет саясатының басты басымдығы екенін көрсетті. Біріншіден, тұрғын үй мәселелері неғұрлым белсенді шешілетін болады. Азаматтық қоғамның қажетіне сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшысы жинағының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделуге немесе қаржы компанияларының басқаруына беру мүмкіндігі келесі жылдан іске асырыла бастайды. Бұл дегеніміз - 720 мыңнан астам азаматтың өмір сапасын арттыру мүмкіндігі, әлеуметтік мәселесінің шешімі. Бұл реформа қазақстандықтарды зейнетақы жүйесіне қатысуға тұңғыш рет беріледі деген сөз. Сонымен қатар, мемлекет тұрғын үйді жалдау ақысының құнын субсидиялайтын болады, бұл бірінші жылы 100 мың қазақстандық отбасын қолдауға мүмкіндік береді»,- деді Ералы Тоғжанов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның атуынща, екіншіден, отбасылық-демографиялық жағдай жақсарады.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, өкінішке орай, әрбір алтыншы қазақстандық отбасы үшін балалы болу - орындалмай отырған арман. Сондықтан, 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылады. Экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКО) квоталарын 7 мыңға дейін ұлғайту көзделіп отыр», - деді ол.

Ералы Тоғжанов үшіншіден, әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасы қалыптастырылатынын айтты.

«Бүгінгі таңда елдің әлеуметтік қауіпсіздігі 17 заңмен және ондаған заң актілерімен реттеліп отыр. Алда - қағазбастылықты азайтып, халықтың қолжетімділігін жеңілдету мақсаты тұр. Осыған орай, Үкімет елдің бірыңғай әлеуметтік кодексін әзірлеуді жоспарлап отыр. Бұл - барлық нормативтік-құқықтық базаны біріктіруге және жүйелеуге мүмкіндік береді. Төртіншіден, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру немесе оларды электрондық форматқа көшіру жұмысы жалғасады. Мемлекет басшысы айтқандай: адамдар емес, «деректер» жүгіруге тиіс» деген қағида іске асырылады», - деді Үкімет басшысының орынбасары.


Соңғы жаңалықтар