Адам жанының арашасы – медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін адам жанының арашасы, ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесі.

1998 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген бұл мереке жыл сайын маусымның үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Дегенмен, бұл мерекенің тарихы тереңірек. Нақтырақ айтсақ, Кеңес заманында 1980 жылдың 1 қазандағы Жоғарғы кеңес төралқасының қаулысымен медицина қызметкерлерінің күні ресми бекітілген. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін оның құрамындағы көптеген елдер бұл мерекеден бас тартты. Дегенмен, Беларусь, Армения, Молдова, Украина, Ресейде бұл күн әлі де аталып өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы екі жыл бүкіл әлемді шарпыған коронавирус пандемиясы Жер шары тұрғындары үшін оңай соғып тұрған жоқ. Әсіресе, күні-түні ауруханаға түсіп жатқан науқастастардың жанын аман алып қалу үшін пандемия майданының алдыңғы шебінде жүрген медицина қызметкерлеріне ауыр тиіп отырғаны да белгілі. Осы екі жылдың ішінде қарапайым ел тұрғындарымен қатар денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін 10 мыңға жуық қызметкер коронавирус жұқтырып, оның 200-ден астамы көз жұмды. Сонда да олар майданның алдыңғы шебін тастап кетпей, жанталаса еңбек етуде. Бүгінде вирустың беті қайтып, жазылып шыққан науқастар санының арта түсуі де еліміздің бүкіл медицина қоғамдастығының ерлігі десек артық айтқандық емес.

Мемлекет те қиын-қыстау кезеңде медицина қызметкерлерін назардан тыс қалдырған жоқ. Оларды әлеуметтік-медициналық жағынан қамтамасыз етуге барын салды. Атап айтқанда, өткен жылы медицина қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға артты, биыл да 30 пайызға өсіп отыр. Алдағы жылдары да көбейіп, еліміздің экономикасындағы орташа айлықтан 2,5 есеге жоғары болады. Бұған қоса, 2020 жылдың наурыз айының соңында Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы іс-шараларға атсалысқан медицина қызметкерлеріне үстемақы тағайындады.

Нақты айтар болсақ, қауіптілігі бойынша бірінші топ мамандарының жалақысына айына 850 мың теңге үстемақы қосылды. Екінші топ – провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметтерінің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлеріне үстемақы айына 425 мың теңге болды. Ал үшінші топқа кірген карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілері және тағы басқалары айына 212 мың теңге үстемақы алып отырды.

Жалпы, коронавируспен күреске атсалысқан дәрігерлерге төленетін тек үстемақы мен сақтандыру жәрдемақылары үшін өткен жылы 180 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Үкімет биылғы қазан айына дейін төлемақы беруді жалғастыру үшін осы мақсатқа қосымша 71,5 миллиард теңге бөлетін болады.

Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Халық алғысы» медалі де бекітіліп, пандемияға қарсы күресте алғы шепте болған көптеген отандасымыз марапатталды. Олардың көпшілігі – денсаулық сақтау саласының қызметкерлері. Медицина қызметкерлеріне мұндай көмек алдағы уақытта да жалғасын табады.

Күні кеше пандемиямен күрестегі медицина қызметкерлерінің жанқиярлық еңбегін мәңгі есте сақтау мақсатында елорданың сол жағалауында, Алматы мен Ақмешіт көшелерінің қиылысындағы жаңа саябақтың аумағында «Алтын жүрек» ескерткіші ашылды. Салтанатты іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысып, жиналған медицина қызметкерлерінің алдында сөз сөйледі. «Алтын жүрек» ескерткішінің ашылуы аса қауіпті індетпен бетпе-бет келген отандастарымыздың ынтымағы мен бірлігін көрсететінін атап өтті.

«Бұл – жаһандық дертке қарсы күрескен отандастарымызға деген ел құрметінің белгісі. Сондай-ақ халықтың адал перзенттеріне ыстық ықыласының көрінісі. Ескерткіш ел басына қиындық туған сәтте қаһармандық көрсеткен жандардың рухына тағзым ету орнына айналады», – деді Президент.

Салтанатты іс-шара барысында Президент медицина қызметкерлерінің қоғамдағы мәртебесін арттыру үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» атағын енгізуді ұсынды. Атақпен бірге материалдық сыйақы да беріледі. Оның көлемін Үкімет белгілейді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы орта деңгейдегі медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету мәселесіне тоқталып, олардың денсаулық сақтау жүйесінің басты ресурсы және жұмыстың негізгі бөлігін атқаратындығын айрықша атап өтті.

«Бізге мейіргерлердің жаңа буынын қалыптастыру қажет. Олар тек орындаушылар ғана емес, көп салалы емдеу тобының жауапкершілік жүктелген тең құқықты мүшелері болуы тиіс. Осы орайда олардың кәсіби дайындығының деңгейін біртіндеп көтеріп, мейіргерлік ісінің мәртебесін арттыру қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерін тек қаржылай ынталандырудың жеткіліксіз екенін, оларды құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын біртіндеп күшейту қажеттігін баса айтты.

«Медицина қызметкерлерінің моральдық және заңдық жауапкершілігі артып келеді. Азаматтар тарапынан қойылатын талап та жоғары. Көптеген маман қысымға шыдамай, кәсіби тұрғыдан қажып, денсаулық сақтау саласынан бас тартуда. Өкінішке қарай, бұл алаңдатарлық жағдай. Аталған үрдіс елімізде ғана орын алып отырған жоқ. Сондай-ақ бүкіл әлемде бес миллионнан астам дәрігер жетіспейді. Осы орайда медицина қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын біртіндеп күшейту қажет. Менің тапсырмам бойынша жыл соңына дейін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі іске қосылады», – деді Мемлекет басшысы.

Бүгінде Қазақстанда шамамен 260 мың медицина маманы, оның ішінде 75 мыңнан астам дәрігер, 185 мың орта медицина қызметкері еңбек етеді. Елімізде күн сайын 2 мыңнан астам ота жасалып, бір мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Емханаларда 420 мыңнан астам адамға қызмет көрсетіледі және 18 мыңнан астам жедел жәрдем көмегі шақырылады.

Әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтаған ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың атап өтуінше, осы жылдардың ішінде еліміздің денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып, жоғары технологиялық көмек көрсету көлемі артып келеді. Жаңа перинаталды орталықтар салынды, инновациялық әзірлемелер енгізіліп жатыр. Соның арқасында біраз уақыт бұрын мүмкін емес көрінген сирек кездесетін күрделі аурулар сәтті диагностикадан өтіп, емделіп жатыр.

«Соңғы жылдары екі ең маңызды көрсеткіштің жақсарғаны байқалады: өмір сүру ұзақтығы ұлғайды және бала туу көрсеткіші артты. Бұл жетістіктердің тасасында, әрине, сіздердің, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын түрлі мамандық иелері – денсаулық сақтау қызметкерлерінің зор еңбегі жатыр», - деді Алексей Цой.

Сонымен қатар министр қазақстандықтардың денсаулығын қорғауда баға жетпес үлес қосқан барлық медцина қызметкерлеріне шынайы ризашылығын білдіреді.

«Барлық медицина қызметкерлеріне қазақстандықтардың денсаулығын қорғауда теңдессіз үлес қосқандары үшін шынайы алғысымды жеткізгім келеді. Зұлым инфекция аяусыз жанымыздан ерте алып кеткен әріптестерімізді аза тұтамыз. Әрбір адам еліміздің денсаулық сақтау жүйесі үшін орны толмас үлкен қаза. Тағы да бір мәрте шынайы көңіл айтуымды қабыл алыңыздар. Өмірден озған дәрігерлер мыңдаған пациенттің жүрегінде мәңгі сақталады. Сала ардагерлеріне де ризашылық білдіргім келеді. Сіздердің тәжірибелеріңіз дәстүрді сақтауға көмектеседі және мамандардың жаңа буынына үлгі болады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар