Адам саудасы үшін қолданылатын ең ауыр жаза қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов адам саудасы үшін қолданылатын ең ауыр жазаның қандай екенін айтты, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өкінішке қарай, адам саудасы біздің елімізде де анықталуда. Сондықтан Ішкі істер министрлігі бұл қылмыс түріне аса көңіл бөліп отыр. Күрес тиімді болу үшін заңнамалық тұрғы да, практикалық тұрғыда да нақты шаралар қабылданған. Мұндай санаттағы қылмыс жасағаны үшін Қылмыстық кодексте мүлкінен айыра отырып, 18 жылға бас бостандығынан айрыру сияқты ең жоғары жазаға дейін қарастырылған», - деді ол Ішкі істер министрлігінің онлайн баспасөз алаңында.

Департамент өкілінің сөзінше, бұл нормаға соңғы өзгеріс былтыр қаңтарда енгізіліпті.

«Адам органдарын, кәмелетке толмағандарды сатқаны және оларды жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін қолданылатын жазалар қатаңдатылды. Үкімет жанында ведомстораралық комиссия жұмыс істейді. Оның аясында мемлекеттік және жергілікті атқару органдарына ұсынымдар беріледі. Ішкі істер органдарының қүрылымында, яғни министрлік өзінде де, оның аумақтық бөлімшелерінде де адам саудасымен күрес жөніндегі бөлімшелер жұмыс істейді», - деді Қанат Нұрмағамбетов.


Соңғы жаңалықтар