Адам саудасы бойынша айыпталушы Бахрейннен Қазақстанға экстрадицияланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстаннан Бахрейнге қыздарды жезекшелік үшін жіберумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан топты басқарған әйел экстрадицияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2021 жылғы 5 маусымда Бас прокуратура мен Интерпол қызметкерлері Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Бахрейн Корольдігінен Зарифа Османованы экстрадициялады.

Оған Қазақстаннан Бахрейнге қыздарды жыныстық қатынастарға түсу мақсатында пайдалану үшін жіберуді жүзеге асырған трансұлттық ұйымдасқан топты басқарған деген күдік келтірілуде», делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, қылмыс жасалғаннан кейін З.Османова қылмыстық қудалау органдарынан жасырынды, сол үшін халықаралық іздеуге жарияланған.

Қазіргі уақытта ол Нұр-Сұлтан қаласының тергеу изоляторына қамауға алынды.

Еске сала кетейік, былтыр сексуалдық құлдық үшін Қазақстаннан Бахрейнге қыздарды жеткізген қылмыстық топтың әрекеті әшкере болды.

2020 жылы ақпанда ҚР СІМ мәліметінше, Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшілігінің жәрдемімен Бахрейн полициясы 21 ҚР азаматшасын сексуалдық құлдықтан босатты.

Қылмыскерлер адамдардың сеніміне кіріп, шетелде көп ақша табуға болатыны жөнінде өтірік сөзге сендірген. Бойжеткендер келіскеннен кейін олардың құжатын рәсімдеу, зардап шегушілерді, оның ішінде кәмелетке толмағандарды заңды жолмен Бахрейн Корольдігіне алып шығуды ұйымдастырған.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров осы іспен айналысқан қылмыстық топтың құрамында Қазақстан азаматы болғанын мәлімдеді.

«Жалпы, зардап шеккен 39 адамды анықтадық, олар Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары. Қазіргі кезде қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде 19 адам танылды. Олардың арасында үшеуіне іздеу жарияланды», - деді ҚР Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов.

2020 жылы қыркүйек айында осы оқиға бойынша ҚР 135-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (кәмелетке толмағандардың саудасы) және 128-бабы 3-бөлігі (адам саудасы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді. ҚР ІІМ мәліметінше, ұйымдастырушылар кейбірі ұсталған.


Соңғы жаңалықтар