Адам өмірін құтқару үшін қараңғыда қыстаққа жаяу баратынбыз - медбике Қарлығаш Әбдібаева

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласына қарасты Еңбек ауылының дәрігерлік амбулаториясында 38 жылдық еңбек өтілі бар медбике Қарлығаш Әбдібаева жұмыс істейді. Ақ халатты абзал жан болу бала күнгі арманым деп әңгімесін бастады ол ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

«Біз бала кезімізде ойнап жүргенде үй аралап, «укол» салушы еді ғой дәрігерлер. Сонда бір жағынан қорқатынбыз. Екінші жағынан қызығатынбыз. Ол кісілердің аралап келіп, укол салып кеткені, қарағаны маған сондай қызық дүние болды да, мен де осындай дәрігер болсам деген арманда болдым. Бірақ дәрігерлікке шамам келген жоқ. Баланы анасынан бұрын көру ғажап дүние ғой деген ой жүрді. Содан акушерлік мамандықты таңдадым. Сол салада 4-5 жылдай жұмыс істедім», - дейді Қарлығаш Әбдібаева.

Талдықорған медициналық училищесін 1980 жылы тамамдаған ол қаладағы перзентханаға жұмысқа тұрады. Араға бірнеше жыл салып туған ауылы Бақалыға фельдшер болып барады да, сол жерде 1997 жылға дейін еңбек етті. Ал 1997 жылдың қараша айынан осы уақытқа дейін Еңбек ауылында медбике болып жұмыс істеп жатқан жайы бар.

«Бір жерде жұмыс істеу маған тиімді және ұнайды. Себебі осы ауылдың еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін бәрін танимын. Үйі қай жерде? Тұрмыстары қалай? Бәрін білеміз. Ауырып, жедел жәрдем көрсету керек болса, адасып іздеп жүрмеймін. Үйіне тез жетуге асығамын. 97-ші жылы келгенде маған қаралған балалардың алды өздері балалы болып жатыр. Солардың балаларын көру, оларды емдеу маған өте қызық. Өзімнің балам, өз немерелерім сияқты әсер етеді».
null 

Талдықорғанға қарасты Еңбек ауылында 2 мыңдай халық тұрады. Былтырдан бері ауылға 5 маманы бар дәрігерлік амбулатория қызмет көрсетуде. Бұған дейін бұл жерде тек фельдшерлік пункт жұмыс істеген. Халық санының артуына байланысты емдеу мекемесі де кеңейе бастады дейді медбике Қарлығаш Әбдібаева. Әріптестерінің айтуынша, медбике - үйінде ардақты жар, екі баланың анасы. Жұмыста өте белсенді. Қоғамдық жұмыстарға қатысып, өлең шығарады. 40 жылға жуық уақыт ішінде бұл жұмыстың ыстығына күйіп, суығына тоңып, қызығын да қиындығын да көріп келгенін жасырмайды.

«Әсіресе 90-шы жылдары ауылда электр жарығы жоқ. Жедел жәрдем көлігі жоқ. Ауыл маңындағы малшылар отырған қыстақтарға жаяу баратынбыз. Бір күні малшының үйіндегі жүкті әйелден шақырту түсті. Жаңбырдың құйып тұрған қараңғы түнінде жаяу барғаным әлі күнге дейін есімнен шықпайды. Бір жағынан үрей, қорқыныш. Жалғыз өзім жүгіріп бара жатырмын. Бармасқа болмайды. Адамды құтқару керек. Талдықорғаннан жедел жәрдем көлігін шақыртып, «роддомға» салып жібергенім есімде қалыпты», - деп еске алады ол.

Қарлығаш Әбдібаева қазір қиындықтың бәрі артта қалғанын айтады. Денсаулық сақтау саласының дамуын өз тәжірбиесінен байқаған медбике қазір негізгі күш аурулардың алдын алуға бағытталғанын тілге тиек етіп отыр.
null 

«Ауыл ішінде обыр, жүрек-қан тамыры аурулары және басқа да індеттердің алдын алу үшін жедел жәрдем көлігімен аралап шығамыз. Қазір бәрі өзгерді. Жағдай жақсарды», - деп атап өтті 38 жыл тәжірибесі бар медбике.

Қарлығаш Әбдібаева шағын ұжымда жастарға бағыт-бағдар беріп, тәжірбиесімен үнемі бөлісіп отырады. Мейірімді медбике - сүйіп таңдаған мамандығына жан-тәнімен берілген еңбекқор адам. Ауыл тұрғындары арасында да сыйлы жан тамыз айында құрметті еңбек демалысына шығады.
null 

Соңғы жаңалықтар