Адам өмірін арашалаған ауыл әкімі Мемлекеттік қызмет агенттігі төрағасының Алғыс хатымен марапатталды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл тұрғынын үлкен қатерден арашалап қалған Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Қаратоғай ауылдық округінің әкімі Руслан Байсағизов Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Дархан Жазықбаевтың «Алғыс хатымен» марапатталды.

Бұл туралы ҚазАқпаратқа агенттіктің баспасөз қызметінен хабарланды.

Естеріңізге сала кетейік, 2 маусым күні Ақтөбе облысының Мәртөк ауданы Қаратоғай ауылының тұрғыны 50 метрлік мұнараға шығып, өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Оқиға орнына ағайын туысынан бөлек төтенше қызмет өкілдері де келіп жеткен. Алайда олардың ешбірінің сөзіне құлақ аспаған азамат тілдесуден мүлде бас тартып, өзіне қол жұмсаудан тайынбайтынын білдірген.

Қатты күйзеліске түскен ер адамға тек ауылдық округтің жергілікті әкімі Руслан Байсағизов қана көмектесе алған. Әкім өзі де сол биіктікке көтеріліп, екі сағат бойы онымен әңгімелескен, оны райынан қайтарған. Нәтижесінде альпинистік жабдықтың көмегімен ер адам мұнарадан түсіріп, оған тиісті көмек беріледі.

Ауыл әкімінің бұл әрекеті марапатқа тұрарлық. Осыған байланысты Агенттік төрағасының арнайы жолдаған алғыс хатын Ақтөбе облысы бойынша аумақтық департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Әділбек Мұқашев табыстады.


Соңғы жаңалықтар