Адам өлтірген өзбекстандық 15 жылдан кейін Алматы облысынан табылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында адам өлтіргені үшін 15 жыл іздеуде болған Өзбекстан азаматы ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсіргені үшін ұсталған Өзбекстан азаматы қамаудан қашқан, кісі өлтіргені үшін іздеуде жүргені анықталды.

Қарасай ауданының полиция қызметкерлері жедел іс-шараларды жүргізу барысында құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз өсіру дерегін анықтаған. Аталған дерекке байланысты ҚР ҚК-нің 300-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Онымен қоса, өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ күдікті есірткілік масаң күйде болған. Ұстау кезінде агрессивті мінез көрсеткен. Асүй пышағын алып, өзіне-өзі қол жұмсайтынын айтқан. Алайда, жедел уәкілдер оны бірден бейтараптандырып, Қарасай ауданының полиция басқармасына жеткізген.

Жеке басын анықтау барысында, күдіктінің өзгенің атын пайдаланғаны белгілі болды. Себебі алынған фотосурет оның бейнесіне сәйкес келмеген. Дерекқор бойынша саусақ іздерін тексеру кезінде Өзбекстан құқық қорғау органдары адам өлтіргені және қамаудан қашқаны үшін оны іздеуге жариялағаны анықталды. Өзбекстанның 44 жастағы азаматы 2005 жылдың 3 маусымынан бастап іздеуде болған.

Қамауға алу туралы санкция беріліп, ол тергеу оқшаулағышына жеткізілді. Жасалған қылмысы үшін жауапкершілік туралы мәселе айқындалғаннан кейін, оны Өзбекстан еліне экстрадициялау шешілетін болады.


Соңғы жаңалықтар