Адам құқығын тек бірге қорғай аламыз – Ләззат Рамазанова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Ләззат Рамазанова «Жарық сәулесі» бағдарламасының іске қосылуына орай ұйымдастырылған іс-шарада сөз сөйледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, зорлық-зомбылық пен гендерлік теңсіздікті жою мәселесі - Қазақстандағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Қазақстанда отбасының мүддесін қорғаудың және ана мен баланы қорғаудың ажырамас жүйесі құрылады. 2030 жылға дейінгі отбасылық-гендерлік саясат тұжырымдамасы қабылданды. Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықты азайту және жою, қоғамның барлық саласында гендерлік тепе-теңдікке қол жеткізу үшін нақты мақсатты индикаторлар анықталды», - деді Ләззат Рамазанова.

Ол өз сөзінде елімізде үкіметтік емес ұйымдармен бірге «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасы жүзеге асырылып жатқанын айтып берді.

«Қазақстан бұл бағдарламаның миссиясын ойдағыдай орындау үшін барлық қажетті күш-жігерін салады. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия барынша көмек пен қолдау көрсетуге дайын. Біз Орталық Азия мен Ауғанстандағы әріптестерімізбен сындарлы диалогқа дайынбыз, жемісті аймақтық ынтымақтастықты күтудеміз. Біздің жалпы күш-жігерімізді үйлестіру арқылы бағдарламалық принципті жүзеге асырамыз - ең бастысы, ешкім ұмытылмайды. Біз бірлесіп қана кез-келген зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы тұра аламыз. Адам құқығын тек бірге қорғай аламыз», - деп қорытындылады Л.Рамазанова.

Еске сала кетсек, бүгін Еуропалық одақ пен Біріккен Ұлттар ұйымы әйелдер мен балаларға қарсы зорлық-зомбылықты шектеуге бағытталған бағдарламаны іске қосқан болатын.


Соңғы жаңалықтар