Адам қолынан зардап шегетін жануарлардың саны азая түседі деген ойдамын – сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Күні кеше елімізде жануарларды қорғау, оларға жауапкершілікпен қарау туралы заң қабылданды. Жалпы соңғы уақытта жануарларға қамқор болу мәселесі қоғамда жиі талқыланып жүр. Осы орайда аталған жайтқа қатысты ҚазАқпарат тілшісі «Охотзоопром» кеңселік жобасының жетекшісі Еркін Сүлейменовтің пікірін білген еді.

«Алдымен елімізде жануарлар тағдырының заңмен қорғалатыны қуантады. Ендігі уақытта адам қолынан зардап шегетін жануарлардың саны азая түседі деген ойдамын. Сол сияқты жаңа заңнаманың арқасында қаңғыбас жануарлардың да мәселесі шешімін таппақ. Яғни оларға вакцина салып, стерильдейді. Демек қаңғыбас үй жануаларынан келетін қауіп азаяды. Тағы бір жаңашылдық, 2023 жылдан бастап елімізде үй жануарларын тіркеу қолға алынбақ. Үй жануары тіркеуде тұрғаннан кейін, оның иесінің жауапкершілігін арттыра түспек», - деді Еркін Сүлейменов.

Оның айтуынша, жануарларды қорғаудағы басты қадамның бірі Қазақстанда жылжымалы хайуанаттар бағы мен дельфинарий қызметіне тыйым салынатындығы.

«Жалпы алғанда заң жобасын қолдаймын. Оның үстіне мен жұмыс тобының мүшесі болдым. Енді қаңғыбас ит-мысықтарды жаппай аулап, оларды стерильдеп, вакцина салу міндеті тұр. Бұл қаңғыбас жануарлар проблемасын шешудің бір жолы. Қоғамда кеңінен талқыға түсіп жатқан тағы бір жайт, жануарларға қорлық көрсету сәтінің видеосына қатысты. Кейбірі ондай видеоны желіге салмай қажет, жауыздықты насихаттайды десе, екіншісі керісінше қоғамға проблеманы ашып көрсету керек деген пікірде. Осы орайда өз ойым, видеодағы жауыздықты сәтті бояп, кішкене жасырған жөн», - дейді ол.

Айта кетсек, кеше Мемлекет басшысы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.


Соңғы жаңалықтар