Адам баласы үшін денсаулықтан асқан байлық жоқ - көкшетаулық мейірбике

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген қазақ. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Майра Тоқтарбекқызы Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасының жүйке-жүйесі бөлімшесінде аға мейірбике болып қызмет атқарады. Медицина қызметкерлері күніне орай, ҚазАқпарат тілшісі осы бір аяулы жанмен жақынырақ танысып, сөзге тартқан еді.

Бір әулеттің береке-бірлігінің ұйытқысы, бір ұжымның үлгі тұтар қадірлісі болып отырған ақ халатты абзал жан Майра Тоқтарбекқызының денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жатқанына биыл 30 жыл толып отыр.

1986 жылы Макушин медициналық училищесін «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша тәмәмдаған кезде ол небары 18 жастағы ұяң қыз еді. Оқуын бітірген соң еңбек жолын Шоқ-Қарағай ауылының фельшерлік акушерлік пунктінде меңгеруші ретінде бастады. Содан бері ол бар ғұмырын халықтың саулығы үшін аянбай еңбек етуге арнап келеді. 1990 жылдан бастап осы уақытқа дейін Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасының жүйке-жүйесі бөлімшесінің мейірбикесі, ал 2017 жылдан бастап осы бөлімшенің аға мейірбикесі болып еңбек етеді.

Жүзінен мейірім, әр сөзінен парасат-пайым сезілетін маман өз ортасына сыйлы, абырой биігінен көрініп жүрген жан. Кезінде оқу орнын бітірген соң, білімін тәжірибемен ұштастырып, қиындығы мен жауапкершілігі зор қызметінде алғысқа бөлене білді. Жақсы мейірбике болу үшін ұқыптылық, жауапкершілік деген қасиеттер аздық етеді. Ол үшін күнделікті тәжірибе керек дейді өзі.

«Адам баласы үшін денсаулықтан асқан байлық жоқ. Ауру азабын тартып, дәрігердің көмегіне жүгінген науқасқа қарайласу, қолдан келген медициналық көмек көрсету - менің кәсіби міндетім әрі адами парызым. Солардың алғысын алсам, мен үшін одан артық атақ жоқ», - дейді ол.

Кейіпкеріміз дәрі-дәрмек қана емес, сондай-ақ әр жан үшін жылы сөздің өзі үлкен ем екенін айтады. Сол себепті, жан-жағындағыларға мейірімнің шуағын шашып жүретін Майра Тоқтарбекқызы өзінің күш-жігеріне, біліміне сеніп, әр науқастың сырқаты жазылуын тілеп, барынша көмектесуге тырысады.

Сонымен бірге, ол жоғары санатты мейірбике атанып, ұжымда сыйлы жан бола білді. Ал, қазір ауруханаға оқуын енді аяқтаған жас мамандар келіп жатыр. Сол жастарды көріп, кешегі өзінің 18 жастағы кезін елестетіп, оларға аналық ақылын айтуды парыз санайды.

Айта кетсек, бүгінгі таңда Ақмола облысында 500-ден астам медициналық ұйым бар. Өңірде барлығы 6 мыңнан астам мейірбике жұмыс істейді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мәскеуде оқитын қазақстандық полицей кішкентай баланы апаттан құтқарып қалғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар