«ADAL» партиясы жұмыс жоспарын жариялады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордада өткен брифингіде «ADAL» партиясы ұйымның құрылымы мен жұмыс жоспарын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сайлау науқаны біздің партияға оңай болмады. Дегенмен де жас партия ретінде елді аралап, халықтың батасын алып, болашақта атқаратын істерімізді айқындадық. Партияға мүшелікке тіркелгендер 300 мыңнан асып кетті, әлі де келіп жатыр. Біздің негізгі мақсатымыз –партия ретінде бүгіннен бастап нақты жұмысқа кірісу. Науқан өтті, сайлау нәтижесін Орталық сайлау комиссиясы ресми жариялай жатар. Ел өңірлерін аралаған кезде халқымызға берген біраз уәдеміз бар. Бұл тұрғыда партияның құрылымындағы мамандардың тәжірибесін ескеріп, нақты жұмысты бастауға кірісеміз», - деді «ADAL» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали.

Оның айтуынша, қазірден бастап партия құрылымы ауқымды жұмыс бастауды жоспарлап отыр.

«Тарихи бастама аясында партияның болашағы бар екенін көріп отырмыз және оған күмән жоқ. Жас партия екенімізді мойындаймыз, сондықтан өзіміздің нәтижелі жұмысымызды көрсетуге тиіспіз. Әр салада біздің мамандар бар. Біз эволюцияға екпін қойған партиямыз», - деді С. Сұлтанғали.

Оның сөзіне қарағанда, партияның тұғырнамасының арқасында әрбір ауылдың, ауданның, облыстың, қаланың проблемасы анықталды. Осы орайда партия өкілдері мәселелерді шешу үшін өз көмегін ұсынатын болады.

Таратылған мәлімет бойынша 11 желтоқсаннан 8 қаңтарға дейін партия өкілдері 5161 кездесу өткізіп, оған 152 822 адам қатысқаны белгілі болды. Олардың қорытындысы бойынша 73 мыңы партия сайтында партияға кіруге өтініш қалдырды. Тек үгіт-насихат кезеңінде партияға кіргендердің саны 53000-нан 311000-нан астам адамға дейін өсті.

Мәселелерді шешу үшін орталық аппарат пен партияның 202 өңірлік филиалы жұмыс істейтін болады.


Соңғы жаңалықтар