Адал кәсіпкерге ерекше назар аударылуы керек - Тимур Құлыбаев

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Өз ісіне адал кәсіпкер мемлекеттің, баспасөз бен қоғамның ерекше назарында болуы керек. Бұл пікірді «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Талдықорғанда өткен жиын барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Атамекен» ҰКП баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Біз ҚР Бас прокуратурасымен мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметін азайтуға қатысты маңызды жұмысты жалғастырамыз. Кәсіпкерге қатысты жүргізілетін 28 мың бақылау-қадағалау қызметінің үштен екі бөлігі қысқартылады, қалғаны, бизнес мүддесіне әкімшілендіріледі. Біз адал кәсіпкердің мемлекеттік саясаттың ортасында болғанын қалаймыз. Адал кәсіпкер мемлекеттің қамқорлығына алынуы керек. Мұндай кәсіпкерге баспасөздің де, қоғамның да назары айрықша болуы тиіс», - деді Тимур Құлыбаев.

Ұлттық палатаның төралқа төрағасы Елбасының қолдауымен «Атамекен» ҰКП адал кәсіпкерлердің бизнесті жүргізуіне оңтайлы жағдайды қамтамасыз ету үшін және шағын және орта бизнестен түсетін салық аударымдарының бөлігі сол өңірде қалу үшін қолданыстағы Салық кодексіне өзгерту енгізуге қатысты жұмысты қарқынды жүргізіп жатқанын айтты. Бұл тиісінше жергілікті билікті бизнесті дамытуға жағдай жасауға ынталандырады.

«Біз салық әкімшілігіне қатысты мәселелер туындайтынын кәсіпкерлерден келетін көптеген өтінімнен байқадық. Кәсіпкерлерді заңсыз тексерулерден, салық органдарының сотында немесе басқа да сотта өз мүдделерін қорғау қажеттілігінен шектеу керек. Осы мақсатта министрліктерге өз ұсыныстарымызды бердік. Ұлттық палата сараптамалық пікір білдіріп, сотта қорғайды және адал кәсіпкерлерді қолдау жұмысын жалғастыра береді», - деп нақтылады Тимур Құлыбаев.

Алматы облысында кәсіпкерліктің 118 мың субъектісі жұмыс істейді, оның ішінде 97 мыңы, яғни 82%-ы ауылдық жерде.

Айта кету керек, бүгін «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев жұмыс сапарымен Алматы облысындағы кәсіпорындарға барып, өңірдегі мәселелерін талқылау үшін кәсіпкерлермен кездесті. Құлыбаев Талдықорғанда облыс әкімі Амандық Баталов, Өңірлік кеңес мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары, бизнес-қауымдастықтар, банктер мен қаржылық институттардың өкілдері және тауар өндірушілердің қатысуымен кеңейтілген жиын өткізді.

Соңғы жаңалықтар