«Адал бизнес «көлеңкеден» бөлектенеді»

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде сан алуан мемлекеттік бағдарламалар аясында салынатын құрылыс нысандарының сапасы көңіл көншітерлік емес. Жаңадан пайдалануға берілетін балабақша мен мектеп ғимараттары былай тұрсын, «мемлекеттік бағдарлама» деп тапсырылатын тұрғын үйлерде жел есіктен кіріп, тесіктен шығып жатады. Ал осындай сапасыз құрылысқа не себеп? Әрине, оның арғы жағында бюрократизм де, «откат» та, бизнестің бірден қыруар пайда тапсам деген ниеті де бар. Соның салдарынан бюджет қаржысы талан-таражға түседі, мемлекеттің ақшасы тиімсіз жұмсалады.

Үкімет осы мәселені шешудің жолын тапқан сыңайлы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жақында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Министрлер кабинетіне «мемлекеттік сатып алулар саласындағы құрылыс келісімшарттарын қазынашылық бақылау» дейтін жаңа жүйені таныстырған болатын. Оның айтуынша, бүгінде көлеңкелі экономикада, яғни, заңсыз ақша айналымында құрылыс саласының үлесі айтарлықтай. Әсіресе, мемлекеттік сатып алулар саласында бюджет қаржысын қолма-қол ақшаға айналдырып, бірнеше субмердігер арқылы үптеп кету әрекеттері жиі кездеседі. Содан қалған ақшаны үнемдеу шаралары басталады. Сапасыз құрылыс материалдары алынады, арзан жұмыс күші тартылады. Ақыры жалған фирмалар арқылы салықтан жалтару әрекеттеріне жол беріледі. Мәселен, өткен жылы анықталған жалған кәсіпорындардың үштен бір бөлігі құрылыс саласына тиесілі. Сосын республика бойынша құрылыс саласынан түсетін салықтың орташа көрсеткіші мемлекеттік сатып алуларға қатысатын компаниялардың жалпы көрсеткішімен мүлдем сәйкеспейді. Осының өзі салықтан жалтарудың айқын дәлелі болса керек.

«Қазіргі меxанизмге сәйкес, бюджет қаражаты мердігерлердің банктердегі есеп-шоттарына аударылғанда тексеріледі. Одан кейін қаражаттың жұмсалуы бақыланбайды. Сол себепті оны қолма-қол ақшаға айналдыру жағдайлары болып жатады. Осыған байланысты мемлекеттік сатып алулар саласындағы құрылыс келісімшарттарына қазынашылық бақылау жүйесін енгізу ұсынылады. Аталған жүйе төлемдердің ашықтығын, салықтардың толыққанды төленуін, құрылыс сапасының бақылануын, бюджет қаражатының мақсатқа сай пайдалануын және сатып алуларда отандық өнімнің артуын қамтамасыз етеді. Сөз жоқ, бұл жаңалық құрылыс саласына ауыр тиеді. Дегенмен, соның арқасында құрылыс нысандарының сапасын көтеріп, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік бар», - дейді Бақыт Тұрлыханұлы.

Министрдің сөзіне қарағанда, жаңа жүйе аясында барлық мердігерлер мен субмердігерлердің есеп-шоттары қазынашылық органдарда ашылады. Ал «супервайзерлер» деп аталатын инжинирингтік компаниялар құрылыс сапасын ғана емес, қаржының мақсатты жұмсалуын да бақылап отырады. Мемлекеттік кірістер комитеті өз кезегінде таза әрі адал субмердігерлерді таңдауға көмектеседі. Ол үшін қаржы министрлігі құрылыс саласындағы салық төлеушілердің «қара тізімін» беруге әзір. Осының арқасында мердігер де өз әріптесінің адал екенін біліп отыратын болады.

Министрлік аталған жүйені пилоттық жоба негізінде Астана, Ақмола мен Қарағанды облыстарында іске асырып көрмекші. Астанада өрт сөндіру депосы салынса, Қарағанды облысында мектеп, ал Ақмола облысында құс фабрикасына қажетті инженерлік инфрақұрылым мен балалар үйін жаңғырту жоспарланған. Пилоттық жоба сәтті іске асса, жаңа тәжірибе республика бойынша қолға алынады. Бәлкім, мемлекеттік бағдарлама аясында салынатын тұрғын үй құрылысына да таралады.  

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың өзі жаңа жүйені іске асыруға мүдделі. «Мен білемін, қазіргі пилоттық жобаны іске асыруға кедергі жасайтындар да болады, қарсылық білдіретіндер де табылады. Оған қарамай, осы жүйені ойдағыдай жүзеге асыруды тапсырамын. Бәлкім, келесі жылдан бастап барлығы соған көшетін болады», - дейді Премьер-министр.

Аталған бастаманы «Атамекен» палатасы да өз алаңында талқылап шыққан. Билік пен бизнес арасында түсіністік бар сияқты. Дегенмен, кәсіпкерлер жаңа жүйенің кейбір тұстарына күдіктенеді. Дегенмен, кәсіпкерлер аталған жүйеден мін таппай отыр. Себебі  жаңа жүйені, шынымен де, көлеңкелі және адал бизнесті толығымен ажыратып алуды көздейді. Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов тың бастаманың осы тиімді бір тұсына ерекше мән беріп келеді.

«Жаңа жүйенің арқасында біз "әділетсіз бизнесті" мемлекеттік сатып алулардан барынша алшақтатып, ол жерде тек адал бизнесті ғана қалдыра аламыз. Осылайша, адал және көлеңкелі бизнесті екі бөлек шығару қажет. Сонда көлеңкелі бизнесті мемлекеттік сатып алулардан шеттетіп, адал бизнес үшін емін-еркін жұмыс жасауға жағдай жасалады. Сіздер субмердігер сияқты әріптестеріңіздің таза екенін де біліп отырасыздар», - дейді вице-министр.

Оның айтуынша, қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алуларға қатысатын кәсіпкерлердің ақшасын санауды көздеп отырған жоқ. Негізгі мақсат - бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету. Ал мемлекеттік тапсырыс орындалғаннан кейін қалған ақша толығымен кәсіпкердің есеп-шотына аударылады. Бұл - оның жеке табысы, орындалған жұмыстан алған пайдасы.   

Шыны керек, қазынашылық бақылау жүйесі біраз мәселелерді шешуге мүмкіндік беріп отыр. Біріншіден, тапсырыс беруші, яғни мемлекет өзі берген ақшаның жұмсалуын қадағалай алады. Екіншіден, ол ақша бақылауда болғаннан кейін «откат» деген нәрсеге мүлдем жол берілмейді. Кәсіпкер де басын көп ауыртпай, өз жұмысымен айналыса алады. Осыған байланысты Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жаңа жүйеге баса назар аударып отыр. Кәсіпкерлер де қарсы емес сияқты. Дегенмен, олар Мемлекеттік кірістер комитетінің қазынашылық бақылау кезіндегі жұмысын нақты белгілеп беруді сұрап отыр.

Пилоттық жобаларды іске асыру барысында жаңа жүйенің шикі тұстарын барынша жетілдіру көзделген. Премьер-министр әрбір жобаны ай сайын тексеріп отыруға мүдделі көрінеді. Себебі соның нәтижесінде тиісті заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жаңа жүйе республика бойынша қолға алынады. 

Соңғы жаңалықтар