ӘЧ-2018: Жапония тұңғыш рет Колумбияны жеңді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан 2018 жылғы Әлем чемпионаты Н тобының алғашқы кездесуінде Колумбия және Жапония құрамалары күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ойын алдынан футбол сарапшылары, букмекерлік кеңселер осы кездесудің айқын фавориті ретінде Колумбия құрамасын көрсеткен. Тіпті бапкер Хосе Пекерман Хамес Родригес, Карлос Бакка секілді негізгі жұлдыздарын қосалқы құрамда қалдырған болатын.

Алайда олар күншығыс елінің қатты қарсылығына душар болды. Әп дегеннен шабуылға лап қойған жапониялықтар 3-минутта қолайлы сәтке ие болды. Тек Давид Оспина Юя Осаконың соққысын қайтарды. Қорғаушы Карлос Санчес өз айып алаңында допты қолымен ойнап қойды. Төреші оны алаңнан қуып, Колумбия қақпасына пенальти белгіледі. 11 нүктеден Шинджи Кагава мүлт кеткен жоқ - 0:1.

Колумбия азшылықпен болса да, 1-таймның аяғына қарай қарсыластарының қысымын азайта алды. 39-минутта Хуан Кинтеро айып добын тамаша орындап, таразы басын теңестірді.

Екінші таймда сан басымдығына ие Жапония қысымды барынша күшейтті. 73-минутта Кэсукэ Хонданың бұрыштамадан көтерген добын Юя Осака басымен соғып, есепті 1:2-ге жеткізді. Осы есеп ойын соңына дейін өзгерген жоқ. Үш ұпай алған Жапония құрамасы Н тобында көшбасшыға айналды. Екінші ойында Польша мен Сенегал өзара мықтыны анықтайды.

Колумбия: қақпашы - Давид Оспина; қорғаушылар - Оскар Мурильо, Сантьяго Ариас, Йохан Мохика, Давинсон Санчес; жартылай қорғаушылар - Карлос Санчес, Хуан Куадрадо (Вильмар Барриос - 31'), Жефферсон Лерма, Хуан Кинтеро (Хамес Родригес - 59'); шабуылшылар - Радамель Фалькао, Хосе Искьердо (Карлос Бакка - 70').

Жапония: қақпашы - Эйдзи Кавасима; қорғаушылар - Гэн Седзи, Юто Нагатомо, Хироки Сакаи, Майя Йошида; жартылай қорғаушылар - Гаку Сибасаки (Х. Ямагучи - 80'), Генки Харагучи, Шинджи Кагава (Кэсукэ Хонда - 70'), Такаши Инуи, Макото Хасебе; шабуылшы - Юя Осако (Шинджи Окадзаки - 85').

Голдар: Ш. Кагава - 6'(пен.), Дж. Кинтеро - 39', Юя Осако - 73'.

Сары қағаздар: В. Барриос - 64', Х. Родригес - 86'; Эдзи Кавашима - 94'.

Қызыл қағаз: К. Санчес - 3'.

Төреші - Дамир Скомина (Словения). «Мордовия Арена» стадионы.

Фото: ru.fifa.com

Соңғы жаңалықтар