ӘЧ-2018: В тобында көш бастаған Иран бүгін Испаниямен ойнайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан 2018 жылғы Әлем чемпионаты топтық кезеңінің 2-тур ойындары жалғасып,  В тобының өкілдері Иран және Испания құрамалары кезекті үш ұпайды сарапқа салады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы турдан соң, Марокконы жеңген Иран осы топта көш бастап тұр. Сол ойында Африка құрлығының өкілдері айқын басымдыққа ие болғанмен, соңғы минуттарда өз қақпасына гол соғып алып, жеңіліске ұшыраған болатын. Сондай-ақ, Испания мен Португалияның тең түсуі чемпионат алдында В тобының аутсайдері саналған Иранды лидерге айналдырды. Енді парсылар тарихи жетістікке қол жеткізу үшін топтағы қалған екі ойынның бірін ұтса жетіп жатыр. Әрине, Пиренейдің қос өкілі соңғы жылдары әлем футболының биігіне шыққан, дегенмен Ресейде өтіп жатқан мундиальда ешбір команданы аутсайдер немесе фаворит деп атауға болмайтынын 1-тур ойындары дәлелдеді. Оның үстіне, қазір ирандықтар спорттық бабына шыққан, бапкері де пиренейліктерге қарсы ойнау бойынша тәжірибесі мол маман - Карлуш Кейруш. Парсы ойыншылары, атап айтқанда «Ноттингем Форрестен» шақырылған Ашкан Дежага әлеуметтік желіде өздеріне сенімді екенін айтып, «бүгін кешкісін тарихи жеңіске жетеміз» деп жанкүйерлеріне уәде беріп отыр.

 

Алдағы ойында Иран негізінен қорғанумен болатыны айтпаса да түсінікті. Иран құрамасының 2018 жылғы Әлем чемпионатындағы ресми тілшісі Сияваш Рахманидің айтуынша, орталық қорғаушы Рузбех Чешмидің жарақат алуы соңғы күндері парсы баспасөзінде ең көп талқыланған тақырыптардың бірі болды. Оның орнына алаңға шығуы мүмкін басты үміткерлер ретінде «Эстехлолдың» 34 жастағы қорғаушысы Педжмон Мөнтәзәри мен жас ойыншы Мәжид Хұсейнидің есімі айтылып жүр.

Ирандықтардың жұбанышына орай, дисквалификация мерзімі аяқталған жартылай қорғаушы Саййід Эзатоллахи де қорғанысқа көмекші ретінде алаңға шығарылуы мүмкін.

Испанияда құрам жағынан ешқандай кемшілік не кедергі жоқ. Фернандо Йерро шәкірттері осы чемпионаттағы әзірге ең тамаша ойын көрсеткен команда болып отыр. Португалияға қарсы өткен ойында тең нәтиже тіркелгенмен, Испания шебер ойын өрнегін көрсетті. Мамандардың айтуынша, сол ойында тең нәтиже тіркелуіне екі нәрсе себепші болды. Біріншісі - AS басылымының колумнисі Альфредо Реланьоның айтуынша, Криштиану Роналдудың «ғылыми дәлдікпен» соққан голдары, екіншісі - The Guardian журналының футбол сарапшысы Пол Макиннес айтқан «Роналдудың табиғат заңына бағынбаған жылдамдығы».

Бірақ Иранның мұндай футболшысы жоқ. Командалар деңгейінің осы алшақтығын ескере отырып, букмекерлік кеңселер Иранның жеңісіне орташа 20 коэффициент беріп отыр. Ал нәтиже қалай болатынын бүгін, Астана уақыты бойынша, түнгі 00:00-ден бастап Qazsport телеарнасының тікелей эфирінен тамашалай аласыздар. Ойын Татарстан астанасындағы «Қазан Арена» стадионында өтеді.

Чемпионат матчтарының толық кестесін мына жерден көруге болады.

 

Соңғы жаңалықтар