ӘЧ-2018: Уругвай Сауд Арабиясын неге жеңе алмай жүр

None
None
АСТАНА.  ҚазАқпарат -  Футболдан әлем біріншілігінде А тобындағы Уругвай мен Сауд Арабиясы құрамалары арасындағы кездесу бүгін Дондағы Ростов қаласында «Ростов-арена» стадионында өтеді. Оңтүстік Америка құрлығының өкілдері араб жігіттерін жеңе алмай келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әрине, жеңіске жету жөнінен Уругайдың үміті зор. Құрамада көптеген шеберлігі шыңдалған жігіттер бар. Әрбір қарсыласын ықтырып, атойлап шыға келеді. Бұдан бұрынғы доп додаларында жанкүйер көңілінен шығатын ойындар көрсеткен еді. Сол ізбен биыл да табысқа қол жеткіземіз деген ойда жүр. Тәжірибелі футболшылар жоқ емес. Солардың бірі - Испанияның «Атлетико» (Мадрид) командасында ойнайтын Диего Годинді айтуға болады. Ол - Уругвай құрамасы қорғанысында тасқамал ойыншы.  Испанияның «Барселона» клубының шабуылшысы Луис Суаресті кім білмейді? Францияның ПСЖ командасын өрге сүйреп жүрген Эдисон Кавани де әрбір кездесуде қанжығасын майлағанды қолайлы көреді.

Сауд Арабиясы құрамында мұндай жампоздар санаулы. Испанияның «Вильярреал» клубының жартылай қорғаушысы Салем Әл-Досари мен сол елдің «Левантесінде» доп тебетін Фахад Әл-Мувалладтан басқасының барлығы өз елінің ішкі біріншілігінде ойнайды. Ол елдегі доп додасының деңгейі жоғары емес екені тағы белгілі. Ендеше, бұл құраманың алар асуы, шығатын тауы биік бола қоймайды. Мамандар да солай болжам жасап отыр. Олардың Ресеймен кездесуінде сол олқылықтар көзге ұрып тұрды. Арабтар жанкүйер көңілінен шығатын ойын өрнегін көрсете алмады. Соның салдарынан өз қақпасынан жауапсыз бес доп алып шыққанын бәріміз білеміз.

Сауд Арабиясы құрамасының бас бапкері Хуан Антонио Пицци бұл пікірмен келіспейді. Ол өз шәкірттерінің ешбір кездесуінде қарсыласының ығына жығыла қоймайтынын айтады. «Біз әрбір ойынға тыңғылықты дайындаламыз. Қарсылас жөнінде барлық ақпаратты жинақтаймыз. Біздің бұл әлем біріншілігіндегі тұсаукесер ойынымыз өте қиын болды. Біздің құрамада да жылдам жігіттер бар. Біз тартысты ойын көрсетеміз», - деді ол.

Уругвайлық бапкер Оскар Табарес те аталмыш кездесу жайында пікірін білдірді. «Біз Уругвайды әлемдік футбол картасына қайта алып келдік. Сырт көз бізді әлсіз топқа түсті деп айтады. Дегенмен бізге қарсылас құрамалардың барлығы үш ұпайды оңай беретіндер қатарына қосылмайды», - деді О.Табарес. 

Қос құрама өз тарихында 3 мәрте кездеспекші. Бір қызығы, Уругвай әзірге бұл қарсыласын жеңіп көрген жоқ. Екеуі де жолдастық кездесу ретінде өткен. 2002 жылғы 27 наурызда Сауд Арабиясы құрамасы Оңтүстік Америка өкілдерін 3:2 есебімен басым түсті. Ал 2014 жылдың 10 қазанында өткен ойын 1:1 есеппен аяқталды. Ендеше, Уругвай жеңіске жетсе, сол олқылықтың орнын толтырады.

Бұдан бұрын Португалия - Марокко құрамалары ойыны алдындағы шолу жасалды. Бұл кездесу бүгін, 20 маусымда сағат 21.00-де өткізіледі. Ойын «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. 

Сондай-ақ, бүгін В тобындағы Португалия - Марокко («Qazsport». 18.00), Иран - Испания («Qazaqstan». 00.00) құрамалары өзара мықтыларды анықтайды.

Қалған ойындардың толық кестесін мына жерден көруге болады.  

Соңғы жаңалықтар