ӘЧ-2018: Уругвай Португалияны жеңді

None
None
АСТАНА.ҚазАқпарат - Бүгін Ресей жасыл алаңдарында өтіп жатқан 2018 жылғы Әлем чемпионатының 1/8 финалы аясында Сочидің «Фишт» стадионында Уругвай және Португалия құрамалары кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ойын алдынан алаң орталығында уругвайлықтар біршама басымдыққа ие болады деген болжамдар айтылған болатын.

АлайдаУругвайдың жылдам голынан кейін ойын мүлдем басқаша өрбіді. 7-минутта сол қанаттан Луис Суарестің әуелете асырған добынан кейін Эдинсон Кавани есеп ашты. Күтпеген жерден гол жіберіп алған португалиялықтар ойын тізгінін түгел қолға алып, толассыз шабуылдады. Дегенмен есепті теңестіру бірінші таймда мүмкін болмады.

Екінші таймда өткір шабуылдарын күшейте түскен пиренейліктер 55-минутта дегендеріне жетті. Бұрыштамадан кейін Рафаэль Геррейро допты әуеден айып алаңына асырды. Қорғаушылардан биік секірген Пепе басымен соғып, есепті теңестірді.

Бірақ португалиялықтардың қуанышы көпке созылған жоқ. Жылдам шабуылдан соң Эдинсон Кавани екінші голын соғып, командасын тағы да алға бастады. Бұл жолы Португалия есепті теңестіре алмады. Ойын, осылайша, 2:1 есебімен аяқталды. Енді ширек финалда Уругвай Франциямен кездесетін болды.

Бұған дейін Франция құрамасы ширек финалдың алғашқы қатысушысы атанғанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар